Қайта өңдеуге бөлінетін 372 млрд теңге елді импорттан құтқара ма?
Ал елде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді.
Бұл отандық тауар өндірушілерді жаңа деңгейге шығарып, азық - түлік өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді. Бұрын - соңды болмаған қолдау шаралары импорттың бәсін түсіре ала ма?
Бұл Петропавлдағы сүт өңдейтін ірі кәсіпорынның бірі. Қазір мұнда тәулігіне 600 тонна дайын өнім шығарылады. Ол сүт, айран, қаймақ, қатық және тағы басқалары. Ал сары майы көрші Ресей еліне де экспортталады.
Евгений Шелег, кәсіпорын технологы:
- Ресейге айына орташа есеппен 100 - 200 тонна сары май жіберіледі. Нарықтағы бәсеке өте жоғары. Сондықтан жергілікті тауарөндірушілер өндіріс жағынан жетіліп, өнім түрлерін көбейту керек.
Өндіріс орны мемлекеттің қолдауы арқасында бірнеше рет жаңғыртылды. Қазір кәсіпорында 700 – ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт күні - түні екі ауысымда жұмыс істейді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қазақстанда осындай 180 сүт өңдеу кәсіпорны бар. Былтыр олар 2 млн тоннадан аса өнім өндірді. Алайда кейбір тауарлар бойынша отандық нарық әлі де импортқа тәуелді. Ол сүзбе, ірімшік, сары май.
Өткен жылы Қазақстанда қайта өңделген өнімдердің экспорты 2 млрд АҚШ долларынан асты. Сарапшылардың айтуынша, оның дамуына шикізаттың жетіспеушілігі, кәсіпорын қондырғыларының тозуы мен жеңілдетілген қаржыландырудың аздығы тұсау. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі бұрын - соңды болмаған қолдау шараларын ұсынып отыр. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытудың кешенді жоспары шеңберінде бес жыл ішінде 372 млрд теңгеден астам, оның ішінде инвестициялық мақсаттарға 150 млрд теңге және айналым мақсаттарына 222 млрд теңге бағыттауға жоспарлануда.
Биыл Отандық агроөнеркәсіптік саласында 150-ге жуық ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл ретте мамандар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірбиесіне сүйеніп отыр. Қаржы тауарлы - сүт фермасы, суармалы егіншілік, көкөніс қоймасы, құс фабрикаларымен қатар қосымша 8 бағытқа бөлінеді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков