Қарыз алу үшін «қабырғаңызбен кеңесесіз» бе?

Елімізде несие алудың жаңа ережелері талқыға түсті.

Құжат "Ашық нормативтік құқықтық актілер" порталында жарияланған. Мәселен, жаңа жобаға сәйкес, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінен жоғары несиені рәсімдеуге ерлі-зайыптылардың келісімі керек. Жаңа өзгерісті қазақстандықтар қалай қабылдап жатыр?

Банктен қарыз алып үйренген ел тұрғындары ендігі жерде жұбайының рұқсатынсыз несие ала алмайды. Алу үшін некедегі қосағының келісімі қажет. Отбасы бір мәмілеге келген жағдайда рұқсат қағаз түрінде де, электронды түрде де берілуі мүмкін. Бұл жаңа қаулының қағидасы. Ал бұған қала тұрғындары не дейді?

БЛИЦ:

- Семья болғасын ақылдасып алу керек қой.

- Семья болғаннан кейін екеуі бір шешуі керек қой мәселені. Ертең бір адам төлей ме, екеуі төлей ме? Дұрыс мәселе.

- Мен келісе алмаймын. Өзімнің құқым бар ғой.

- Оған келісемін. Ақылдасып шешкен дұрыс қой.

Несие рәсімдер кезде борышкермен қатар оның жұбайы туралы және несие тарихы туралы толық ақпарат көрсетілуі керек. Мамандардың айтуынша, аталған құжат тек берешек көлемі 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінен жоғары болған жағдайда ғана талап етіледі.

Белла Чканова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бөлімінің бастығы:

- Жаңадан енгізілген өзгерістің негізгі мақсаты – несие алған кезде ерлі-зайыптылар ойланып, дұрыс шешім қабылдау үшін жасалған шара деп білеміз. Бұл – жаңа өзгеріс. Қазақстандықтардың банктер немесе микроқаржылық ұйымдар алдындағы берешегіне ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

Жаңа жоба қоғамдық талқылау үшін «Ашық заңды тұлғалар» порталында орналастырылған. Қабылданса, ережелер биылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Елімізде несие алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш жазу бастамасы қолға алынғалы бері ай сайын алпыс мыңнан астам адам банктердің бұл қызметінен бас бартып жатқанын айта кету керек. Бұл әрине үлкен көрсеткіш болмаса да, халықтың қаржылық сауаты артып келеді дейді мамандар.

Асантемір Қаршығаұлы, Абдулхамит Бөлекбаев, 24.KZ