Экономикалық өсім: Үкімет нақты іс-шаралар жоспарын әзірледі

Қуатты экономика – даму кепілі. Отандық экономиканың әлеуетін арттыру үшін, әрине, инвестициялық ахуалды жақсарту маңызды. Бұл ретте жүзеге асырылып жатқан шаралар аз емес.

Елімізде қаржы тарту келісімдерін жасау тетігі жетілдірілді. Тіпті шетелден тартылған қаражаттың көлеміне қарай әкімдер мен министрлердің рейтингі қалыптастырылды.

Биыл экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін 10 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылатын болады. Саладағы басты мақсат — экономикалық өсімді қамтамасыз ету және өсу қарқынын арттыру. Ол үшін Үкімет нақты іс-шаралар жоспарын әзірледі. Жоспарланған инвестицияның 7 трлн теңгесі бюджеттік емес көздерден тартылмақ. Оның ішінде шетелдік компаниялар, квазимемлекеттік және ұлттық холдингтер, банктер мен қаржы ұйымдары бар. Былтыр елдің сыртқы сауда айналымы 140 млрд долларға жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,2%-ке көп. Экспорт көлемі 79 млрд доллар болды. Соның ішінде өңделген тауарлардың экспорты – 25 млрд доллар. Ал импорт көлемі 60 млрд доллардан асты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 2 есе арттыру міндеті тұр.