Қазына қаражатын жымқырған 329 адам сотталды
Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ақша жымқыруға ниеттенген 592 адамның арам әрекетін әшкерелеген.
Оның 107-сі – түрлі деңгейдегі басшылар. Олардың ішінде бұрынғы министрлер, вице-министрлер, комитет төрағалары, облыс деңгейіндегі басшылар бар. Қазір 329 адам сотталды. Бұл жайында бүгін алғашқы жартыжылдықты қорытындылаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Жиынға Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның өкілдері мен Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Биыл агенттік алдын алу жұмыстары аясында 113 талдау мен мониторинг жүргізген. Негізгі жемқорлық тәуекелдері ғылым саласында анықталды. Нақтырақ айтқанда, саладағы жобалардың 90%-і белгіленген мақсаттарға жете алмайды, ал зерттеулердің 70%-і практикалық маңызы жоқ мақалалар мен кітаптар жазумен аяқталады екен. Тағы «СҚ-Фармация» команиясында дәрі-дәрмектерді сатып алу жүйелері тиімсіз құрылғандығы айтылды. Тіпті көтерме жеткізушілердің картельдік келісімі бар және олардың қызметіне тиімді бақылау жоқ екен. Осылайша, жыл басынан бері түрлі салада 876 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның дені парақорлық, ақша жымқыру және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану болып табылады.
Асхат Жұмағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Біз білім беру саласындағы ауқымды талдауды аяқтадық. Нәтижесінде бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезеңдеріндегі жүйелік тәуекелдер анықталды. Тағы еңбекақы төлеу қорындағы қаржыны ұрлаудың қылмыстық схемасы әшкереленді. Биылдың өзінде біздің ведомствоның өндірісінде білім беру саласы бойынша 100-ге жуық қылмыстық іс болды. Келтірілген шығын көлемі 12 млрд теңгеден асады. Бюджеттік процестерді автоматтандырудың және деректер базасын интеграциялаудың жоқтығы қаржы жымқырудың алғышарты болып отыр. Енді қазір қабылданып жатқан шаралармен қосарланған қаржыландыру, «жоқ жандарға» төлемдер, үстемеақылар мен тіркеулерді асыра бағалау фактілері алынып тасталады.