Ақтөбе облысында судан зардап шеккен бизнестің шығыны өтеледі

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынынан шағын және орта бизнес нысандарына келген шығын көлемі есептеліп жатыр.

Әзірге тиісті комиссия 76 кәсіпкердің өтінішін қабылдап, оның 10-ына қатысты шешім шығарды. Оларға келген залалдың жалпы құны 120 миллион теңгеге бағаланып отыр. Ал қалғандарының тілегі қашан өтеледі?

Бұл ауызсу құятын қаладағы ірі цехтың бірі. Наурыздың аяғында болған тасқында іші қарғын суға толып, үш күн тоқтап тұрған. Салдарынан барлық жабдықтары істен шықты. Тіпті жанындағы дүкен, мейрамханаға да орасан залал келген. Кәсіпкерлік нысанның иесі тасқынның беті қайтқан соң, бірден әкімдікке жүгіріп, өтініш түсіріпті. Алайда, бағалау үрдісі жүргенше өз күшімен жөндеуге кірісіп, цех ісін қайта қалыпқа келтірген.

Қарашаш Қабиева, кәсіпкер:

-Шығын 100 миллионнан көп. Бірақ енді облыстың әкімшілігі шешімі бойынша бізге 58 млн берем деп жатыр. Соны берсе де тәубе деп отырмыз. Өйткені бізге бір тиын болса да ақша керек қазір. 60 миллионға заявление беріп едім, кредит 57 миллион ғана берді. Сол кредитке қазір ремонтта жасап жатырмыз, өзіміздің ақшамызды салып жатырмыз.

Бүгінгі күні облыс бойынша 76 кәсіпкерлік нысанның тасқыннан зардап шеккені анықталып отыр. Атап айтқанда, сауда орындары мен жиһаз және пластикалық өнім шығаратын цехтар, сондай-ақ көліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтары шығынға батқан. Қазір келтірілген залал көлемін нақты анықтау үшін бағалау-есептеу жұмысы жүріп жатыр. Дегенмен, ауыл кәсіпкерінің шығынын өтеу оңай болмай тұр.

Руслан Күйшінов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Аудандар бойынша айтатын болсақ, ірі қара малына келген шығын сомасы өтелді. Бірақ су тасқынынан зардап шеккен агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне өтемақы төлеу тәртібі анық емес. Атап айтқанда, өндіріс базасынан, жем-шөптен және ауылшаруашылық техникасынан айырылғандарға өтеу тетігі жоқ. Бұл мәселені біз ұлттық экономика министрлігі мен ауыл шаруашылық министрлігі алдына қойып, шешуін ұсынып отырмыз. 

Бұл мәселе бойынша жұмыс істейтін өңірлік комиссия мүшелері табиғи апаттан зардап шеккендер елеусіз қалмайтынын айтады. Әзірге 10 кәсіпкердің өтініші мақұлданған. Соған сәйкес, енді таяу күндері шығындары толық өтелмек.

Алмас Салықбаев, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

- Ережеге сәйкес біз төлемдерді үш санатқа бөлеміз. Ең бірінші бағалау-есептеу жұмыстарын жүргізгені үшін шығындарын төлеп береміз. Екіншісі ғимаратқа залал келген суммасын төлеп береміз. Үшіншісі тауарлық-материалдық жабдықтар дейміз, соларға төлеп береміз. Республикалық резервтен бізге алдын ала 733 миллион теңге мақұлданып отыр. Осыған сәйкес, қазіргі таңда шілде айына біз 120 миллион теңгені бағыттап отырмыз.

Тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлердің өтініштері қарашаға дейін қабылданып, шешім шығарылатын болады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев