Ақмола облысында кірпіш зауыты ашылды
Ақмола облысының Бозайғыр ауылында кірпіш зауыты ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Онда қытайлық технологиямен күйдірілген қыш өнімі шығарылады. Қазір кәсіпорын күніне 80 мың дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Алда өнімділік көлемін 200 мың данаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Бұл – Бозайғыр ауылындағы кірпіш зауыты. Салтанатты лентасы бүгін қиылғанымен, алғашқы тапсырыстарын да қабылдап үлгерген. Қазір тәулігіне 60-80 мың дана өнім шығаруға қауқарлы. Жақын күндері екінші қазандықты іске қосып, өнімділігін 200 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
Мақсат Жұмаханов, кәсіпкер:
- Әзірге кірпішіміздің бір түрі шығып жатыр. Сапасын көтеру түрлерін көбейту – алдағы мақсатымыз. Біздің қазіргі тұтынушылар – Астана мен Қостанай қаласының тұрғындары, үй салушылары. Енді бүкіл Қазақстанға, шетелге шығармақ ойымыз бар. Ең басты мақсат – кірпіштің түрлерін көбейту, сапасын арттыру.
Ілкімді істің игілігін бірінші кезекте жергілікті тұрғындар көріп отыр. Ауылда жаңадан 20 жұмыс орны ашылып, болашақта тағы осынша адам екі қолға бір күрек табады. Сондай-ақ зауытта қытайлық мамандар да жұмыс істейді. Олар жаңа технология мен техникаларды басқаруды кәсіпорын қызметкерлеріне үйретіп жатыр.
Бақберген Жұмабайұлы, кәсіпкер:
- Өзіміздің осы Бозайғыр ауылында өзіміздің қазағымыздан, балаларымыздан, енді басқа ұлттан басқа мемлекеттің техникасын, қажетті жерін үйренгеніміз өзімізге жақсы ғой. Соны үйреніп, осы техниканы меңгеріп, кейін болашақта өзіміз жүргізіп кететіндей дәрежеге жетсек деп ойлаймын. Бұлар енді мәңгілікке осында қалып кетпейді ғой.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Қазір мұнда 120 маркалы күйдірілген қызыл қыш кірпіш өндіріледі. Болашақ оның сапасын 150-ге дейін көтеру жоспарда бар. Сол уақытта алыс-жақын шет елдерге экспорттауға мүмкіндік туады.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Марат Диханбаев.