АЭС салу бойынша жария талқылау өтті
Атом электр станциясын салу экономика мен өнеркәсіп саласын дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ақтауда өткен жария тыңдауда сарапшылар осындай пікір білдірді. Шараға атом өндірісі саласының өкілдері, қоғам белсенділері мен экологтар қатысты. Атом энергетикасы саласының мамандары маңызды стратегиялық нысанның әлеуеті туралы баяндап, энергетика секторын дамытудың жаңа түрлеріне тоқталды. Ал жергілікті тұрғындар экология, реакторлар қауіпсіздігі және кадр дайындау секілді сұрақтарға жауап алды. Қазақстанда АЭС салу мәселесі ұлттық референдум арқылы шешіледі.
Тимур Жантикин, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры:
- Біз бірнеше талап қоямыз. Біріншіден, отандық отынымыз қолданылуы керек. Екіншіден, реактор мұқият тексеріледі. Сондықтан қазір жұмыс істеп тұрған аналогтары бар 4 жобаны таңдап алдық және оның қалай салынатынын, құны қанша болатынын нақты айта аламыз.
Гүлмира Мұрсалова, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директорының орынбасары:
- Бізде кадрлар жоқ деп айтуға болмайды. Ғылыми-зерттеу институттары бар. Онда жоғары білікті инженерлер еңбек етеді. Ұлттық ядролық орталық мамандары Франция, Жапония сияқты елдердің сұрауымен түрлі зерттеу жүргізеді. Қазақстанда ядролық физиктер дайындау ісі бұрыннан жолға қойылған.