Өнеркәсіп саласында «Бір терезе» жүйесі іске қосылады
Өнеркәсіптік саладағы ірі кешендер үшін «Бір терезе» жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды 24kz.
Яғни, өндіріс орындары өкілдері тарапынан айтылған ұсыныстар мен талаптар, тың жобалар бұдан былай бір орталықта топтастырылады. Өскемендегі металлургтермен жүздескен Сенат депутаттары осы жайлы әңгіме қозғады. Олардың айтуынша, бұл жүйе кен байыту саласын дамытудағы кедергілерді жедел жоюға және дер кезінде қолдау көрсетуге ықпал етеді. Металлургиялық зауытты аралап шыққан сенаторлар ондағы жаңа технологиялық жабдықтарды көрді. Зертханада болып, зиянды қалдықтарды азайтуға арналған әдістермен танысты. Сенат депутаты Ольга Булавкинаның сөзінше, Өскеменнің экологиялық ахуалын жақсарту үшін көтеріліп жатқан бастама көп. Солардың бірі – энергетикалық мекемелерге түнгі тариф кестесін енгізу туралы сұрақ.
Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Газбен жабдықталмаған қалаларда жылу мекемелері түнгі тариф кестесіне көшу керек. Біз бұл мәселені талай жылдан бері көтеріп келе жатырмыз. Әлі де көптің талқысында. Әрине, түнгі тариф энергетикалық кәсіпорындар үшін тиімсіз болуы мүмкін. Алайда бұл бүтін бір шаһардағы экологиялық ахуалды жақсартатын бастама. Ондай тариф болса, жеке сектордағы үйлер түні бойы көмір жақпас еді.