Үкімет тасқыннан зақымданған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын қадағалап отыр

primeminister.kz

Су тасқынынан зардап шеккендер үшін Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында салына бастаған үйлердің құрылысы кестеден 15-25 күнге кеш жүріп жатыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов ағымдағы ахуал жайында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары әкімдерінің есебін тыңдады. Жұмыс баяу жүріп жатқан өңір басшыларына қарқынды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ құрылыс талаптарын бұзуға жол бермеу керек. Қазір аймақтарда 2 578 үйдің құрылысы мен 6 мың пәтерді сатып алу жұмыстары жалғасып жатыр. Әкімдіктер қажетті қаржымен толық қамтамасыз етілген. Үкімет басшысы қажет болған жағдайда қосымша жұмыс күші мен техника жіберуге дайын екенін жеткізді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев барлық жұмыс аяқталғанға дейін жеке өзі құрылыс алаңдарында болады. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Энергетика және көлік вице-министрлері де жұмыс уақытының негізгі бөлігінде тұрғын үй салу барысын бақылайды. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Солтүстік Қазақстан облысында 200 үй, Павлодарда 5 үй тапсырылған. Жұмыс жедел атқарылды. Қостанайда да қарқын жаман емес. Алайда кейбір аймақта айтарлықтай тәуекел бар. Бұл құрылыс материалдарының жетіспеушілігі және кеш жеткізілуімен, құрылыс алаңдарында жұмыс күші мен арнайы техникалар дұрыс үйлестірілмеуімен байланысты. Салдарынан бірқатар өңірде баспаналарды салу мерзімі кестеден кешігіп жатыр. Құрылыс талаптарын сақтамау фактілері бар. Өңір әкімдері мерзім мен сапа үшін жеке жауап береді.  

Бүгінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы үйлер 100% тексеріліп, бағаланды. 9 мыңнан астам үй жөндеуге жатады. 7505 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 44,1 млрд теңгеге өтемақы алды. Сонымен қатар 4 мыңға жуық жанұя жаңа пәтер алды. 33 820 отбасы 12 жарым млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. 20 606 отбасыға 9,4 млрд теңге 150 АЕК-ке дейін қосымша өтемақы төленді. Мал шығынын өтеу үшін мемлекет тарапынан 2,8 млрд теңгеден астам төленді. Бизнеске келтірілген залал үшін 1 жарым млрд теңгенің өтінімдері мақұлданды. Жергілікті жолдарды жөндеуге Үкімет резервінен 22,7 млрд теңге бөлінген, мектептерді қалпына келтіру шараларына 7 жарым млрд теңге бағытталып отыр.

Бағалау жұмыстары - 100%

Жөндеуге жатады - 9 243 үй

Өтемақы алды - 7505 отбасы - 44,1 млрд тг

Жаңа пәтер алды - 3 921 отбасы

Мемлекеттік көмек

100 АЕК - 33 820 отбасы - 12,5 млрд тг

150 АЕК-ке дейін - 20 606 отбасы - 9,4 млрд тг

Мал шығыны - 2,8 млрд тг төленді

Бизнеске залал - 1,5 млрд тг өтініш мақұлданды

Жергілікті жолдарды жөндеу - 22,7 млрд тг

Мектептерді қалпына келтіру - 7,5 млрд тг