«Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалы артады

2030 жылға дейін «Солтүстік-Оңтүстік» транспорттық дәлізінің шығыс бағытындағы жылдық тауар өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға жеткізу жоспарланған деп хабарлайды 24kz.

Бұдан бөлек, Қазақстан осы транзиттік бағыт бойынша жүк жөнелтушілерге 50% жеңілдік жасайды. Бұл жөнінде Ақтаудағы көліктік және сауда-экспорттық форумда айтылды. Осы бағытты пайдаланатын 12 мемлекеттің өкілдері халықаралық дәліздің әлеуеті мен экономикалық тиімді тұстарын саралады.

Алғашқы көліктік және сауда-экспорттық форум 12 елдің 500 делегаты үшін диалог алаңына айналды. Ресейден басталып, Үнді мұхитына шығатын 7 мың шақырымдық «Солтүстік-Оңтүстік» бағытын жетілдіру тетіктері қаралды. Күрежолдың қақ ортасында орналасқан Қазақстан үшін магистральдың маңызы ерек. Халықаралық жиында Ауғанстан арқылы жүк тасымалдаудың жай-жапсары кеңінен талқыланды. Көлік министрі Марат Қарабаев: «трансауғандық дәліздің ашылуынан ұтарымыз көп», дейді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Тарихи шешімдердің бірі деп айтуға болады. Солтүстіктен оңтүстікке қарай жүретін көлік дәлізінің жаңа бағытын айқындадық. Бұл Қазақстан арқылы Түркіменстанға, әрі қарай Ауғанстанға арнайы теміржол дәлізін салу мәселесі. Яғни, трансауған теміржол дәлізі бүгін қабылданған шешім. Таңертең үшжақты кездесу болды. Қазақстан аумағынан Түркіменстанға өтіп, Ауғанстаннан өтіп, әрі қара Пәкістаннан мұхитқа шығатын болады.

Автомобиль, теміржол және теңіз инфрақұрылымы біріктірілген «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағы Маңғыстау арқылы өтеді. Форумға қатысушылар теңіз суының азаюы Каспий жағалауы елдерінің ортақ мәселесі екенін атап өтті. Сондықтан тараптар порт төңірегіндегі қайраңдарды тереңдету жөнінде келісімге келді.

Серік Ахметов, құрық портының бас директоры:

- Жүк кемелерін көптеп қабылдай алуымызға қарай су жолдары бағытының экономикалық маңызы арта түседі. Сондықтан порт төңірегін тереңдету өте тиімді болмақ. Біз өткен маусым айынан бері қазуды бастап кеттік. Құрық – жыл аяғына дейін Каспий теңізіндегі ең терең жағалы портқа айналады. Бұл логистикалық жобаларға көбірек атысып, тауар айналымын еселеп арттыруға мүмкіндік береді.

Абай Түрікпенбаев, Ақтау теңіз портының басқарма төрағасы:

- Біз кеме тұрағын тереңдетуді келер жылы бастаймыз. Иран транзиттік елге айналғандықтан, Ақтау порты арқылы да оңтүстік-шығыс Азия елдері мен Үндістан және шығыс Африкаға жүк тасымалдауға болады. Парсы шығанағы қосылғанда тауар айналымы 10 миллион тоннаға жетеді деп жоспарлап отырмыз.

Форум делегаттары жүк бағытын дамытудың жол картасын мақұлдады. Құжат бойынша 2027 жылға дейін дәліздің өткізу қабілетін 15 миллионға, ал 2030 жылы 20 миллион тоннаға жеткізу көзделген.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Тамара Степанова, Ренад Дусалиев