Шығыс Қазақстанда жылу маусымына дайындық жүріп жатыр

Шығыс Қазақстанда жылу беру маусымына дайындық жасау үшін 20 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалмақ, деп хабарлайды 24KZ.

Салалық басқарма мәліметтеріне сүйенсек, Өскемен мен Риддер қаласындағы ең ірі үш жылу орталығының қазіргі әзірлігі 52% асады. Жұмыс қазан айының басына дейін аяқталуы тиіс.

Сонымен қатар өлкеде жалпы 47 шақырымға жуық жылу желісі қайта жөндеуден өтеді. Аудандардағы қазандықтар да басты назарда. Оларды қысқа сақадай сай етуге 12 миллиард теңге жұмсалады. Қазірдің өзінде өңірге 110 мың тонна көмір әкелінді. Мамандар маусымдық қымбатшылыққа ұрынбас үшін тұрғындарға ертерек қамдану керегін ескертеді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басшысы Нұрлан Рамазановтың сөзінше, осы айда ғана отынның тоннасы 500 теңгеге қымбаттаған.

Нұрлан Рамазанов, ШҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Көмір бағасы 1 шілдеден бастап барлық тұйықтарда 500 теңгеге қымбаттап кетті және ол күз айларында да қымбаттауы мүмкін. Сондықтан халыққа айтарымыз, күз айына дейін жеткізбей, шамасы болса, қоймасы бар үйлер көмір қорын қамтамасыз ету қажет.