Елімізде түсті металлургияның 8 жобасы іске қосылады
Тау-кен металлургия кешенінің экономикадағы үлесі қомақты. Бүгінде жалпы ішкі өнімнің 10%-і осы салаға тиесілі деп хабарлайды 24kz.
Шойын қорытып, мыс бұлағын ағызған металлургтер жылына 12 трлн теңгенің өнімін өндіреді. Алдағы жылдары саланың ел экономикасындағы рөлі арта бермек. Мәселен, биыл түсті металлургияда құны 169 млрд теңге болатын сегіз жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде алюминий радиаторларын, катодты мыс, доре қорытпалары және тағы басқа өнім өндіретін жобалар бар. Кәсіпорындар толыққанды іске қосылса, екі мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал өндірістік қуатына толық шыққанда жылына 136 млрд теңгенің өнімін өндірмек. Оның тең жарымы экспортқа жіберіледі. «QazIndustry» компаниясының ақпаратына сүйенсек, түсті металлургия саласында кезең-кезеңімен 49 жоба іске қосылады. Олардың құны 1 трлн 800 млрд теңгеден асады. Бұл жобалар арқасында 11 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек табады.