Бидай мен күріш алқаптары қысқарды
Биыл елімізде майлы дақылдарды көптеп өсіруге көңіл бөлінді, деп хабарлайды 24KZ.
Сәйкесінше суды көп қажет ететін дәндердің аумағын едәуір қысқартуға тура келді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндады. Қазір елдегі қамбалар мен қоймалар астық қабылдауға материалдық-техникалық дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрдің айтуынша, шамамен 30 млн тоннаны құрайтын қоймалар бар. Бұл жаңа астықты сақтауға жеткілікті.
Бидай, күріш алқаптары қысқарды
Елімізде бидай, күріш, мақта егу қысқартылды. Биыл елде жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарды құрады. Онда бидай, күріш алқаптары қысқарып, майлы дақылдарға басымдық берілген. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бидай алқабы 450,3 мың гектарға қысқарды, сондай-ақ майлы дақылдар және қант қызылшасы алқаптары сәйкесінше 608 мың және 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Суды көп қажет ететін дақылдар алаңы – күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға азайған.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ағымдағы жылы көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемі алғаш рет «таза» жылдық 5%-пен 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді, өткен жылдары ол 180 млрд теңгеден аспаған еді. Қазіргі уақытта 406 млрд теңге игерілді, қалған 174 млрд теңгені облыс әкімдіктері жақын арада игеретін болады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілеріне Аграрлық несие корпорациясы арқылы ӘКК-ні қорландыру есебінен жеңілдікпен қаржыландыру арналары кеңейтілді.
Биыл 16 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді
Ал елімізді сүт және құс етімен қамту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Биыл жыл басынан бері 16 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілген. Сүт пен құс еті бойынша импортқа тәуелділікті төмендету жұмыстары жүріп жатыр. Қуаттылығы 10 мың тонна құс еті бағытындағы құс фабрикаларын құру және кеңейту бойынша 72 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 2 Алматы және Қызылорда облыстарында енгізілді.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ағымдағы жылы сүтті мал шаруашылығында қуаттылығы 65 мың тонна сүт болатын ТСФ 373 енгізу жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қуаттылығы 16 мың тонна сүт болатын 67,2 жоба пайдалануға берілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы 5 жылда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге арттыру міндетін қойып отыр. Сәйкесінше жыл басынан бері 6 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,4%-ке ұлғайып, 1,6 трлн теңгені құрады. Жоспарланған 11,6% деңгейдегі көрсеткішке қол жеткізу егін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Марат Диханбаев.