Жамбыл облысында 135 млн теңгенің жобасы жүзеге аспай қалды

Жамбыл облысында мемлекет қаржысына ашылған «Жамбыл» көтерме-сауда орталығы жұмыс істемей тұр деп хабарлайды 24kz.

2019 жылы «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жеке кәсіпкермен бірігіп, 450 миллион теңгеге қойма салған. Жоба бойынша 135 миллион теңгесі мемлекеттен бөлініп, қалғанын инвестор толықтырған болатын. Аймақта тұңғыш рет орындалған жоба арқылы егістік еккен шағын шаруашылықтарды қолдау керек еді.

Яғни, жеміс-көкөніс өнімін арзан бағада сақтап береді. Сол үшін көлемі 10 мың тонна болатын қойма салынып, қажетті құрылғылар мен мұздатқыштар сатып алынды. Тіпті таза су алатын өзінің ұңғымасы да қазылған. Бірақ нысан 2020 жылдан бері қаңырап тұр. Шаһардан 12 шақырым жерде орналасқан орталық тиімсіз болып, бірде-бір диқан өнімін сақтау үшін өткізбеген. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясыныңбасқарушы директоры Еркін Жылысбектің мәлімдеуінше, енді жауапты мекеме өкілдері жобаға салған қаржыны қайтарып алмақ.

Еркін Жылысбек, «Тараз» ӘКК» АҚ басқарушы директоры:

- Шыны керек, нәтиже күттік 2020 жылы соғылды, енді ол жылы соғылғаннан кейін бірінші жылы іске аспағаннан кейін біз ойладық, екінші жылы болады екен деп. Ол ақша енді жұмыс жасауы керек қой Үкіметтің ақшасы болғаннан кейін. Бүгінгі таңда ол ақша құр жатыр деуге болады. Сондықтан біз сондай шешім қабылдап, енді бірігіп, жаңағы «Дамдес» агромен бірігіп, шешім қабылдап, соған өзіміздің долямызды сататындай етіп шештік. Сол 135 млн теңгені біз өзімізге қайтарып, біздің долямызды сатып алатын болды өзіне.