Қазақстанның Өзбекстанға IT экспорты артты

Сырт елдерге экспортталған қазақстандық IT қызметтер көлемі артып келеді.

Кейінгі жылдары Өзбекстанмен бұл салада біраз бірлескен жоба іске асты. Отандық компаниялар көрші елге білім, спорт және медицина платформаларын енгізіп үлгерді. Қазір жергілікті нарыққа нық орныға бастаған. Бұл қос елге венчурлық капитал тарту тұрғысынан да тиімді болып отыр.

Рауан Мыңбаев, тілші:

-Биыл Қазақстанның IT экспорты 500 млн долларға жетуі мүмкін. Еліміздің цифрлық даму министрлігі осындай болжам жасап отыр. Сол арқылы салада 2020 жылмен салыстырғанда 10 есе өсім тіркелмек. Көрсеткішті көбейтуге Өзбекстанға өткен жылдың қыркүйек айында енгізілген “edtech” платформасы да үлесін қосқан.

Дүниежүзілік пандемия уақытында ойлап табылған математиканы оқыту платформасы аз ғана уақыт ішінде Орталық Азия нарығына тарады. Қазақстандық жоба жетекшілері ілкімді істің игілігін көріп отыр. Өзбекстанда оны пайдаланушылар саны 2 мыңға жеткен. Басты ерекшелігі, бала мобильді қосымшада білімін жетілдіріп қана қоймай, бонустық жүйемен табыс таба алады.

Асқар Болат, қазақстандық EDTECH компанияның негізін қалаушы:

-9 айдың ішінде өзбек нарығындағы «edtech» бөлігінде лидер бола алды компаниямыз. Қазіргі уақытта айналым айына 1 млрд 100 млн сомға келіп қалды. Қарқынды көрсеткіш бұл.

Оқушыларға арналған интерактивті порталдықазақстандық педагогтар мен ІТ мамандар әзірлеп, қазақ, орыс және өзбек тілдеріне аударды. Платформа Өзбекстан үшін де сәтті кейске айналған. Бұл елдің айти алпауыттары Қазақстан нарығына көптеп қызыға бастады. Мұндай деңгейдегі интеграция екі елдің әлеуетін арттырып, қосымша инвестиция тартуға сеп болады.

Абдул Шарапов, қазақстандық EDTECH компанияның негізін қалаушы:

- Қазір біз компанияға басқа мемлекеттерден инвестиция тарту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Екі мемлекет нарығында біркелкі жұмыс істеу мүмкіндігі оларға тартымдырақ болады. Себебі Қазақстанда да, Өзбекстанда да халық саны көбейіп келеді. Компаниямыздың Өзбекстандағы кеңсесінде 70-тей адам жұмыс істейді. Платформаны пайдаланушылар санын арттырып, ондағы контентті көбейтуге кірістік.

«Edtech» жобаға қазірдің өзінде араб елдерінің инвесторлары қаржы құюға қызығушылық танытып отыр. Осы күні арада келіссөз жүріп жатыр. Өзбекстанның білім саласынан бөлек, медицина мекемелерінде қазақстандық IT жоба жұмыс істеп тұр. Былтыр мұндағы жекеменшік клиникаларға инсультты емдейтін жасанды интеллект шешімі енгізілді. Ол ауру ошағын дәлме-дәл анықтап, қан айналымын тежеп тұрған түйінді табуға көмектеседі.

Садық Шерімбек,инновациялық жобалар жөніндегі кеңесші:

-Қазақстанда жақсы нәтижеге жеткен жобалар шетелге де шыға бастады. Соның бір мысалы ретінде ең жақын Өзбекстан нарығымен де жобаларды алмасу процесі жүріп жатыр. Тек Қазақстаннан мұнда әкелініп жатқан жоқ. Өзбекстаннан да жақсы жобалар Қазақстанға келіп жатыр. Әр түрлі салаларда.

Компаниялар  көршілес әрі бауырлас елдер нарығында қатар жұмыс істеп, қосымша венчурлық капитал тартуға ниетті. Сол арқылы әр мемлекетпен инвестициялық ынтымақтастық артады. Мұндай жоғары технологиялы шешімдер сыртқы нарықта көбірек қолданылған сайын еліміздің технологиялық экспорты да ұлғаяды.

Рауан Мыңбаев