«Ауыл аманаты»: Қызылорда облысында 406 жоба қаржыландырылған
Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 406 жоба қаржыландырылған. Шалғай елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін бағдарлама аясында 3 миллиард теңге бағытталып, 700-ден астам жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды 24KZ.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова өңірге сапары аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өз ісін ашқан тұрғындарымен кездесті. Үкімет басшысының орынбасары шаруалар өнімді тек шикізат түрінде өткізіп қана қоймай, оны өңдеп, сатуға басымдық беру керектігін айтты.
Қала іргесіндегі Жақыпбек Махамбетов ауылының тұрғыны Сәрсенкүл Аралбаева «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша берілген қаржыға ісмерлікке қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Қазір күніне 200-250 дана шұлық шығарады. Жобаға дейін тұрақты табысы болмаған ауыл тұрғыны енді кәсібін ұлғайтуды көздеп жүр.
Сәрсенкүл Аралбаева, ауыл тұрғыны:
- 2,5%-пен 5 млн теңге несие алдық. Өте тиімді баға, ешқандай қорқуға болмайды екен. Алып, жасаймын дейтін адамдарға айтарымыз сол, «қорықпаңыздар, алып жасай беріңіздер» дейміз. Әзірге 2 адамды жұмысқа қабылдап, жұмыс беріп отырмыз.
Осы ауылдың тұрғыны Алтынкүл Дүйсенғазиева жүн мен мақтадан көрпе тігумен айналысады. Ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында 3 миллион теңгеден астам несие алды. Айына 20-25 көрпе тігіп шығаратын ісмер сұраныстың күн санап артып келе жатқанын айтады.
Алтынкүл Дүйсенғазиева, ауыл тұрғыны:
- Бастапқы кезде сеңгенім жоқ. Ол маған берілмейді. Басқа тамыр-таныстарына берілетін шығар деген ішімде күдік болды. Сөйтсем жоқ, талаптанған, еңбектен, ісін жақсы көрген адамға жасауға болатын нәрсе.
Үкімет басшысының орынбасары одан әрі Сырдария ауданының Айдарлы ауылына барып, жүннен киіз басып, түкті кілем, сырмақ тігіп, тұрмысқа қажетті бұйымдар өндіретін цех жұмысымен танысты. Көне кәсіпті жаңғыртқан зейнеткер Марияш Әлжанова жастарға ұлттық өнер мен құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен. Ауылдықтармен кездесу барысында Тамара Дүйсенова тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін жастарды еңбекке баулу қажеттігін айтты.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Еңбексіз табыс таба алмайсыздар. Болмаса мемлекет бере берсін деген болмайды. Әрине, жәрдемақы бала үшін беру керек. Зейнеткер болса, зейнатақысын беру керек. Қалған дені сау, аяқ-қолы сау азаматтар еңбек етіп, табысын өзі табу керек.
Вице-премьер ауыл, аудан әкімдері және агросала өкілдерімен арнайы жиын өткізді. Алматы облысындағы түйенің сүті, етін және жүнін терең өңдеп, экспорттап отырған шаруашылықтың жүйелі жұмысы мысалға келтірілді. Өңдеу желісін толық автоматтандырған серіктестік өз тәжірибесін сырбойылық ойсылқара тұқымын өрбітуші түйекештермен бөлісуге даяр.
Сыдық Дәулетов, кәсіпкер:
- Қазақстандағы ең үлкен түйе шаруашылығы – 5 мың бас түйе ұстаймыз. Оys тек қана бақпай, сүтін өңдеп, 80% өнімді шетелге экспорттап отырған шаруашылықпыз. Түйе бағамын дейтін азаматтар болса, 100 түйе беруге дайынмын. Барып тәжірибе алмасайық десе оған да дайынмын. Бір сөзбен айтқанда, ел ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосқым келеді.
Жиында сондай-ақ жергілікті агроөнім түрлерін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы аймақтағы әлеуметтік нысандардың асханалары қажетіне ұсыну тетігі де қаралды. Өңір мектептерін ыстық тамақпен қамтуға жылына 10 миллиард теңгедей жұмсалады. Сол қаржыны енді «Ауыл аманаты» жобасымен азық-түлік өндірушілердің өнімін сатып алуға бағыттау тетігі енгізілмек.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- «Ауыл аманатының» аясында қатысқан шаруалардан сол өнімдерді сатып алып, мектепке тарту мәселесі. Мұнда, ең біріншіден, тамақтың сапасы көтеріледі. Өзіміздің шығарған өнімдеріміз. Екіншіден, шаруаларға ұтымды болады. Себебі алған қаражаттарымен шығарған өнімдерін сатып алады. Үшіншіден, әрине, жұмыс орны. Сондықтан қазіргі Қызылорда облысындағы жасалып жатқан, осы басталғалы тұрған механизм дұрыс деп есептеймін.
Жиын соңында Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова ауыл, аудан әкімдеріне мемлекеттік бағдарламаларға елді мекен тұрғындарының көптеп қатысуына ақпараттық және құқықтық көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ шаруаларды кооперативке бірігуге шақырып, жергілікті агроөнімдерді терең өңдеу бағытына ойысу қажеттігін айтты.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.