Қазақстанның 3 өңірінің су энергетикалық әлеуеті зерттеледі

Су электр станцияларын салу үшін Қазақстанның үш өңірінің су энергетикалық әлеуеті зерттелмек, деп хабарлайды 24KZ.

Консультациялық қызметтерді Азия даму банкі қаржыландырады. Қазақстанның энергетика министрі Лондонда қаржы институтының өкілдерімен кездесіп, осы туралы келісімге қол қойды.

Ертіс-Зайсан, Алакөл және Балқаш бассейндерінің су энергетикалық әлеуеті зор. Бұл өңірлерде шағын және орта су электр станцияларын салу жоспарланып отыр. Құрылыстың сапалы жүргізілуі үшін алдымен сараптамалық талдау қажет. Өйткені қолда бар деректер өткен ғасырда жинақталғандықтан жаңартуды керек етеді. 

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Су станцияларының құрылысы еліміз үшін үлкен маңызға ие. Біріншіден, бұл – қазба отындарын алмастыруға бағытталған нық қадам. Таза электр энергиясын өндіруден бөлек, гидравликалық қорларды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Суды үнемдеу, тіршілік көзімен қамтамасыз ету сияқты артықшылықтары көп.

Әлеуетті учаскелерді егжей-тегжейлі зерттеуге Азия даму банкі арнайы грант бөлгелі отыр. Атап айтқанда, электр энергиясын сатып алу туралы келісімшарттың жобасын жасауға, қаржы-экономикалық моделін, тарифтер бойынша есептеулерді және жобалардың құрылымына қатысты ұсынымдарды әзірлеуге қаражат бөледі.

Фумико Кававаки, Азия даму банкі кеңсесінің бас директоры:

- Азия даму банкі 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат еткен Қазақстан үкіметінің өршіл жоспарын жоғары бағалайды. Билікпен бірлесіп, басқа да бастамаларды жүзеге асыруға және одан әрі көмек көрсетуге ынталымыз.

Қуаты 600 МВт-тық су электр станциясын салу бойынша алғашқы аукционға қазақстандық және халықаралық инвесторлар қатыстырылмақ. Жобаға зерттеу жұмыстарын кәсіби жүргізе алатын, инновациялық және технологиялық тұрғыда дамыған компанияларды тарту жоспарланып отыр. Банктің грантын бөлу аукционы ашық әрі әділ өтетіндіктен, қатысушылар тарапынан сұраныс көп болады деп үміттенеді ұйымдастырушылар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.