Павлодар облысында «Ауыл аманаты» бойынша 17 мың шағын несие беріледі

Павлодар облысында «Ауыл аманаты» әлеуметтік жобасын іске асыру тың нәтиже беріп келеді.

Өңірде ауыл тұрғындарының құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, жастарды игі бастамаларды дамыту ісі жүріп жатыр. Соның бірі Атамекен ауылында өтіп, үкіметтік емес ұйым құру арқылы қалай грант алуға болатыны туралы айтылды.

Атамекендіктер Ғалия Сұңғатованың қолынан шыққан бұйымдармен жақсы таныс. Ауылда қолөнер үйірмесін ашқан шебер енді үкіметтік емес ұйым құруды ойластырып жүр. Бұл қадам оның кәсібін дамытуға септігін тигізіп, грант алуға жол ашады. 

Ғалия Сұңғатова, қолөнер үйірмесінің жетекшісі:

- Қазіргі кезде осы ұйымды ашуға ат салысып жатырмыз және осы «Ауыл аманаты» бағдарламасы маған өзінің көмегін беріп, нәтижесі алдағы уақытта кереметтей болады деген ойдамын.

«Ауыл аманаты» әлеуметтік жобасының тиімділігі тұрғындарға кеңінен насихатталып жатыр. Осындай әрбір кездесуден соң онлайн топтар құрылады. Сарапшылар кәсіп ашудың қыр-сырын айтып, ұсынылған идеяларды талқылайды. Қажетті білім алып, ісін бастағандарға жобаның үйлестірушілері көмекке келуге дайын.

Мәдина Махметова, «Ауыл аманаты» әлеуметтік жобасының үйлестірушісі:

- Көп адамнан өтініш келіп түседі. Құқықтық кеңес алушылардан өзге, грантқа қалай қол жеткізуге болатынын сұрап жатады. Үкіметтік емес ұйымды, оның жарғысын қалай құру керек деген сауалдар көп түседі.

Жалпы елде биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 17 мыңға жуық шағын несие беріледі. Бұл мақсатқа 100 млрд теңге бөлінеді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Ербол Әбішев, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков