Қымызды табыс көзіне айналдырған кәсіпкер

Қостанай облысының шаруалары қымыз өндірісін пайдалы кәсіп түріне айналдырып алған.

Әсіресе Амангелді ауданының тұрғындары ұлттық сусынды өндіруге ден қойып отыр. Күн сайын сауылатын 2 тоннадан астам бие сүтіне аймақ төңірегінен бөлек көрші өңірлерден де сұраныс көп.

Қарасулық Әбілдиндер отбасы күнделікті 70 литр бие сүтін өткізеді. Ерлі-зайыпты Ержан мен Меруерттің арнайы баптаған бал қымызын аудан, қала тіпті ел астанасының тұрғындары аттай қалап алады екен. 

Меруерт Ержанова, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Сүтті сүзіп күбіге құйғаннан кейін қормен араласып, бірігіп кетуі үшін 50-100 рет толықтай пісу керек. Кешке дейін біртін-біртін үстіне құйғаннан соң ашиды түні бойы тұрып. Таңертең тағы пісіп, содан кейін барып қымыз болады. Тобылғымен ішіне қаймақ жағып ыстаймыз. Қақпағын жауып қойып, ыс сіңгеннен кейін ашытқы мен сүтті құйып, әрі қарай сол процесті жалғастыра береміз. 

Жеңілдетілген пайызбен 2 агронесие алып, шаруа қожалығын құрған отбасы қазір 60 бас жылқы бағып отыр. Оның 20-сы қостанайлық асыл тұқымды айғыр. Бәйге десе делебесі қозатын Ержан Әбілдин ерекше күтімдегі сәйгүліктерін аламанға баптап жүр. 

Ержан Әбілдин, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Бәйгеге қызыққаннан кейін Қостанай жылқысын ұстағанды жөн көремін. Жаратуға ыңғайлы, жергілікті жылқы болғасын суыққа төзімді. Тамағы да өте қатты дәрумендерді қажет етпейді. 60 жылқының 20 басы қандас тұқымды Қостанай жылқысы. Ішінде ағылшыны бар, жартылай қанды ағылшыны бар. Қалған 40 басы сауын жылқы. Оның қазіргі таңда 20 басын сауып отырмыз. Ішіне Мұғалжар айғырын Ақтөбеден әкеліп, будандастырдым. 

800-дей түтін қоныстанған алақандай ауылда күніне 600 литрдей бие сүті сауылады. Елді мекенде тіркелген 70 шаруа қожалығының жартысынан көбі осы ұлттық сусын өндірумен айналысады. Ал қалғаны мал азығын дайындауға бет бұрған. Ауыл әкімі Ғасырсейіт Қоржынбаев жем-шөп қорын әзірлеу де табысты кәсіп екенін қазір тұрғындар түсініп алған. 

Ғасырсейіт Қоржынбаев, Қарасу ауылының әкімі:

- Былтырғы жылдан бастап егін шаруашылығын бастап жатыр ауылдың жігіттері. Мына Бестөбе деген бұрын кеңшар кезінде сол жерге егіс егілген. Қазір сол араны өңдеп, 2 жылдай болды ауылдың жігіттері жер алып, егін кәсібімен айналысып жатыр. 

Қарасулықтардың айтуынша мамыр мен қазан-қарашаға дейін қымыз саудасы қызады. Қыс бойы тіршілік мардымсыз. Сондықтан ұлттық сусынды жыл бойы үздіксіз өндіретін цех ашылса дейді. 

Қамбар Бекенов, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг