Петропавлдағы жылыжай ішкі нарықты көкөніспен қамтып отыр

Петропавлдағы инновациялық жылыжай кешені өңірдегі көкөніс тапшылығын жойып, ішкі нарықты толық қамтып отыр.  

Мемлекеттің қолдауымен ашылған кәсіпорын жылына 3 мың тонна қияр өсіреді. Табиғи таза өнімге сұраныс жоғары.  

Ірі инновациялық жылыжайда күніне 5 тонна қияр жиналады. Өнім «минералды мақтада» өсіріледі. Кешенге 11 мың жарықшам орнатылған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

-Бір қиярдың жеміс беруіне 12 күн кетеді. Олар гидропоника әдісімен, яғни топырақсыз өсіріледі.

Кешенде 80 адам тұрақты жұмыс істейді. Солардың бірі Әсемгүл Тасмұрзина. Ол қиярдың өсіп өнуін қадағалайды.

Әсемгүл Тасмұрзина, көкөніс өсіруші:

- Бірінші семеналарды тұқымдарын егеміз. Ол бір жеті өседі. Сосын мынау общий неге шығарамыз отделенияға. И высаживаем. Жұмысқа жақсы көңіл - күймен келемін.Өйткені бұл жұмыс маған ұнайды. Істегеніме бір жыл болды.

Кешен құрылысына 7,2 млрд теңге жұмсалды. Оның 5,8 млрд теңгесі «Солтүстік» әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 4 пайызбен 8 жылға берілді. Сонымен қатар мемлекет есебінен жылыжайға жылу мен жарық тартылды. «Бұл ретте Үкіметтің қолдауы орасан зор», - дейді кәсіпкер.

Екатерина Асаёнок, жылыжай кешенінің директоры:

-Жылыжай кешені соңғы үлгідегі жабдықтармен жұмыс істейді. Солтүстіктің ауа-райына қолайлы жарық және жылыту жүйесі орнатылды. Төбеге арнайы перделер тартылды. Ол өсімдікті күннің көзінен қорғайды.

Инновациялық жылыжай кешені азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, баға саясатын реттеуге әсер етті. Жергілікті қияр нарықта қысы-жазы сатылады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков