Биыл елде су тапшылығы болмайды

Елде биыл су жеткілікті.

Кейінгі жылдары су тапшылығына тап болған оңтүстік аймақта да тіршілік нәрі мол.

Шамалы уақыттан кейін өнім жинауға кірісетін диқандар биыл егіннің бітік шыққанын айтып отыр. Жаз маусымы басталғалы «Қазсушар» кәсіпорны елдегі диқандарды қажетті сумен қамтамасыз етіп келеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, осы кезге дейін «Қазсушар» егістікке 5 млрд текше метрден артық су берген. Бұл әрине көрші елдермен трансшекаралық өзендер суын пайдалану бойынша жасалған келісімнің нәтижесі. 

Мәселен, биыл Өзбекстан жағынан «Достық» каналы арқылы 922 млн текше метр су жіберу туралы келісім жасалды. Сондай-ақ Қырғызстаннан Талас өзені арқылы 380 млн текше метр су беру кестесі бекітілді. Бұл өткен жылғы деңгейден 44 млн текше метрге артық. Ал Шу өзенімен елге 180 млн текше метр су келеді. Бұл да былтырғы көлемнен 26 млн текше метрге асып тұр. 

Данияр Сағадиев, ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:

- Қырғызстан мен екеуміз арасында екі өзен Шу мен Талас. Бізде ол бойынша комиссия өткен, бір ай бұрын ба, ну уже үш апта бұрын. Сонда тож кестелерімізге қол қойдырдық, қолымызды. Енді сол бйыонша жұмыс жасап жатырмыз. Болжамға қарасақ енді пока айта алмаймыз су тапшылығы болады деп. Ондай не жоқ, болжам жоқ. Өйткені қазір екі комиссия болған МКВК деген бізде бар, Орталық Азия мемлекеттерміен бірлесіп уже Нарын-Сырдария режимін қойдырдық.

Биыл жарты жыл ішінде Өзбекстан тарабы Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберуге міндеттелген еді. Алайда өзбек ағайын келісілген су көлемін 4 айда жөнелтіп үлгерді. Енді суару маусымы аяқталғанға дейін тағы 1 млрд текше метр су жіберуге тиіс.

Жалпы елдегі суармалы алқаптың аумағы 1,5 млн тектардан асады. Және бұл жерлердің басым бөлігі оңтүстік аймақтың үлесінде. Сондықтан бұл аймақта әр тамшы суды ұқыптап пайдалану маңызды. Биыл сырттан келетін судың мол болуымен қатар, елдегі су нысандары да лық толды. Қазір Қазақстанда 405 су қоймасы бар. Жалпы, бұл нысандардың қапысыз жұмыс істеуін қадағалап отырған «Қазсушар» ауқымды жұмысты қолға алып отыр.

Мөлдір Әбдуәлиева, ҚР СРИМ ресми өкілі:

- Жалпы биыл «Қазсушар» 800 мың гектарға жуық егіс алқабын суаруға 7,6 млрд текше метр су жіберуді жоспарлап отыр. Еліміздің алты өңірінде – Алматы, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында «Қазсушар» филиалдары 600 шақырымнан каналды механикалық әдіспен тазалайды. Және де жөндеу жоспарланған 400-ден астам гидробекеттің 102-сі жөнделді. 

Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға дейінгі кешенді жұмыс жоспарын бекітті. Бұл жоспарға сәйкес 20 жаңа су қоймасы салынады. Бұлардың жалпы көлемі 2,5 млрд текше метрді еңсереді. Алғашқы кезеңде Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жетісу және Түркістан облыстарында тұрғызылады. Қазір Кеңсай-Қосқорған су қоймасы іске қосылды. Бұдан бөлек Түркістан облысында Бәйдібек ата және Қарақуыс су қоймаларының құрылысы басталды. Аталған нысандар су тапшылығын жоюға ықпал етпек. Яғни оңтүстік өңірдің шетелден келетін суға тәуелділігін 25 пайызға кемітеді. 

Сөз соңында Ұлттық банктің кешегі сессиясы бойынша орнаған валюта бағамына қатысты ақпар бере кетсем. АҚШ доллары – 475 теңге 31 тиынға, ал еуро 514 теңге 97 тиынға саудаланады. Қытайдың юані 65 теңге 56 тиын болса, Ресейдің рублі 5 теңге 51 тиын тұрады.