Тасқыннан шығындалған кәсіпкерлер өтінімінің 82,1% мақұлданды

Тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлер өтінімінің 82,1% мақұлданды, деп хабарлайды 24KZ.

Қазіргі уақытта кәсіп иелерінің мүліктік шығынын өтеу үшін Үкімет резервінен 12 млрд 100 млн теңге қаражат бөлінген. Жергілікті әкімдіктер ұсынған мәліметке сәйкес осы уақытқа дейін шағын және орта кәсіп иелерінен 9,3 млрд теңге сомасына 455 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 5 млрд 800 млн теңге сомасының 374 өтінімі мақұлдаудан өтті. 222 өтінім бойынша кәсіпкерлерге төлем жасалып та үлгерген. Оның сомасы 2 млрд 200 млн теңгені құрап отыр.

Өтінімдер ең көп мақұлданған өңірлердің қатарында Атырау облысы бар. Бұл өңірден құны 2 млрд теңгеден асатын 215 өтінім түскен екен. Батыс Қазақстан облысынан 2,5 млрд теңгенің 40 өтінімі, ал Солтүстік Қазақстаннан жалпы сомасы 902 млн теңгеге жуықтайтын 44 өтінім мақұлданған. Сонымен бірге Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарынан түскен 75 өтінім қанағаттандырылды.