Жылыой ауданының кәсіпкерлеріне ₸2,1 млрд өтемақы төленді

Құлсарыда тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандар қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бағалау жұмыстары аяқталып, бүгінде өтемақы төлеу басталған. Мұндағы бизнеске келтірілген шығын көлемі 8 миллиард теңгеден асып отыр.

Еске сала кетсек, көктемде Жылыой ауданында 366 кәсіпкерлік нысан суда қалған еді.

Құлсарыдағы мына тіс емдеу емханасы 20 күнге жуық суда тұрды. Ғимарат ішіндегі қымбат құрылғылар түгел істен шыққан. Дәрі-дәрмектер де ылғалданды. Комиссия бар шығынды есептеп, кәсіпкер тиісті өтемақысын алған. Қазір нысан қалпына келтіріліп жатыр.

Салтанат Шекербекова, кәсіпкер:

- Ештеңені алып шыға алмадық. Алып шығатындай мүмкіндік те болмады. Біріншіден, құрал-жабдықтар өте ауыр. Олардың барлығы қауіпсіздік үшін жерге бекітіледі. Одан 2-3 жылға деп алдын ала алынған дәрі-дәрмектер болған. Олар жарамсыз. Мемлекет енді өтеп беріп жатыр. Бұйырса, барлығын жасап аламыз деген ойдамыз. Қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр іште.

Мына есік сататын дүкен де 5 сәуірде суға кетті. Ашылғанына 1 жыл болған жаңа нысан ішіндегі тауарлар бүлінді. Енді Айгүл Тайышова кеткен шығынды қайтарып, кәсібін ашып отыр.

Айгүл Тайышова, кәсіпкер:

- 90-ға жақын, 80 бірдеңе сыртқы есік болды. Ішкі есіктерден 40-50 шақты болды. Соның бәрінің залалын санап, ақшасын шығарып, сот сарапшылары осындай сома ақша қайтырылуы керек деген шешім шығарып, қабылданған шешім ақшасы кеше өзіміздің жеке шотымызға түсіп, қуанып жатырмыз.

Жалпы Құлсарыда 366 кәсіпкерлік нысаны тасқыннан зардап шекті. Өңірлік комиссия шешімімен 215 кәсіпкерге 2,1 млрд теңге төленді. «Сонымен қатар құжаты толық еместердің де мәселесі шешіледі», – дейді аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры.

Ерлан Нұрланов, Жылыой аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры:

- Құлсары қаласында құжаты толық емес кәсіпкерлер де бар. Атап айтатын болсақ, су тасқыны кезінде құрылысы аяқталмай қалған, құрылысы аяқталып, бүгінгі күні тіркеуге жолданған халыққа қызмет көрсету орталығына, сол құжаттар аяқталмай қалған. Олар ережеде жоқ. Дегенмен жергілікті әкімдікпен, жергілікті прокуратура өкілдерімен бүгінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қазір сондай шаралар қабылдап, қосымша жұмыстар атқарылып жатыр.

Аудан бойынша шығындарды есептеумен 13 бағалау комиссиясы айналысып жатыр. Жалпы келген шығын көлемі 8 млрд теңгеден асады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.