Әр қазақстандық 70 келі қарбыз жейді

Биыл Қазақстанның қарбыз өсіруден әлемдік рейтингісі жақсаруы мүмкін.

Жалпы еліміз бүгінде 11-ші орында тұр. Былтыр ел диқандары 1,5 млн тоннаға жуық қарбыз жинаған. Ал биыл бұл көрсеткіш едәуір артуы мүмкін. Себебі оңтүстіктегі диқандар екінші мәрте өнім жинауға кіріскелі отыр. Сонымен қатар елде қант өндірісі де ұлғайды. Нәтижесінде өткен аптада қант бағасы арзандады.

Иә, еліміз қарбыз өсіру көлемі бойынша 2021 жылы әлемдегі үздік ондыққа кірген. Тағы бір қызық дерек, әр қазақстандық бір жылда 70 келіден астам қарбыз жейді екен.

Әр қазақстандық 70 келі қарбыз жейді

Әр қазақстандық жылына 70 келіден астам қарбыз жейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр елде шаруалар 1 млн 4 мың тонна қарбыз жинаған. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 7% артық көрсеткіш. Алайда өнімнің тек 7,5 мың тоннасынан астамы экспортқа шығарылған. Демек қалған қарбыз ел тұрғындарының дастарқанынан орын тапқаны анық. Жалпы қарбыз өсіру бойынша Қазақстан әлемде алдыңғы қатардан ойып тұрып орын алады. Екі жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының рейтингінде біздің ел 11-ші орынға тұрақтаған. Мұнда Қытай, Түркия мен Үндістан көш бастап тұр. Ал іргедегі көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан 7-ші және 10-шы сатыларды еншілеген.  Биыл Қазақстанның рейтингідегі орны көтерілуі мүмкін. Себебі қарбыз еккен диқандар жақын күндері екінші мәрте өнім жинауды жоспарлап отыр.

 

Азық-түлік арзандады

Қазір қарбыздың орташа бағасы 100 теңгеден саудаланып отыр. Әрине, аймағына қарай баға да өзгеріп тұрады. Жалпы азық-түлік бағасына келсек, өткен аптада арзандағаны байқалды.

Мәселен, өткен аптада 8 тауардың құны сәл де болса төмендеді. Яғни, жұмыртқа, айран, сары май, қарақұмық жармасы, күріш, ұн, қант пен макарон өнімдерінің бағасы түсті.

Қыс пен көктемде азық-түліктің, оның ішінде көкөніс пен жемістің қымбаттайтыны белгілі. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен алдын ала келісімшарт жасау маңызды. Қазір өңірлерде 140 мың тонна әлеуметтік көкөністерді сатып алу бойынша келісімшарттар жасалды. Мұнда негізінен сәбіз, пияз, картоп пен қырыққабат қамтылған.

«Сәбіз бойынша 22,1 мың тоннаға келісімшарттар жасалды. Бұл – ұсынылатын қажеттілік көлемінің 115%-і. Сондай-ақ пияз бойынша келісімшарттар көлемі 24,2 мың тоннаны немесе қажеттіліктің 169%-ін, картоп бойынша 74,3 мың тоннаны немесе қажеттіліктің 94%-ін, қырыққабат бойынша 17,1 мың тоннаны немесе қажеттіліктің 85% құрайды», – Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары.

Қанттың арзандауын қант өндірісінің артуымен байланыстыруға болады. Елдегі қант зауыттары осы маусымда 50 мың тоннадан астам қант өндірді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша биыл қаңтар-ақпан айларында 15,5 мың тонна өнім шығарылды. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 есе аз көрсеткіш. Ал мамырда небары 8 мың тонна қант өндірілген еді. Өндіріс қуаты шикізатқа тікелей тәуелді. Отандық зауыттар мамыр айында Бразилиядан 22 мың тонна қант қамысын сатып алды. Ал жыл басында өндірушілер қажетті шикізатты импорттап үлгермеді.

 

Әзербайжанға астық экспортталады

Үкімет астық экспорты нарығын ұлғайтуға күш салып отыр. Мәселен, бір кездері Қазақстан Әзербайжанға 1 млн тоннаға дейін астық экспорттаған. Алдағы уақытта осы бағытты қайта жандандыруға күш салынбақ.

Дәнді дақылдар мен жүгеріні сақтау және тиеу Азық-түлік келісімшарт корпорациясына қарасты «Ақ Бидай-Терминалы» арқылы жүзеге асырылады. Яғни, компанияның Ақтау портында, Әзербайжан астанасы Бакуде және Ирандағы портта өз терминалдары бар. Бұл техникалық база экспортты арттыруға толық мүмкіндік береді. Қазіргі таңда екі елдің жауапты органдары арасында келіссөздер жүріп жатыр.

Тобылбек Омаров, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры:

- Жуырда осы Әзербайжанда болған форумда айтып өткендей, 1 миллион тонна шамасында ірі партияларды жеткізуді қамтамасыз етуге дайындығымыз бар. Бұл жерде тек қана Әзербайжанды қарап отырғанымыз жоқ. Біз енді мынау Каспий теңізінің өңіріндегі мемлекеттер бойынша сол біздің Баку терминалы арқылы 1 млн тоннаға шейін астық экспортын үлкейтуді жоспарлап отырмыз.

Былтыр Қазақстан 9 млн тонна астықты сыртқа сатты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1 млн тоннаға артық. Негізгі сатып алушы – Өзбекстан. Өзбек ағайындар 4,5 млн тонна бидай мен ұн сатып алды. Одан кейінгі тағы бір әлеуетті серіктесіміз – Қытай.

2022 жылы Қытай 259 мың тонна астық алған еді. Ал былтыр сауда-саттық көлемі бірнеше есе өсіп, шығыстағы ел шамамен 1,4 млн тонна астықты импорттады. Оның ішінде бидай 538 мың тонна болса, арпа 880 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар майлы дақылдарға да сұраныс артып отыр. Былтыр 631 мың тонна майлы дақыл экспортталды. Оның ішінде зығыр, күнбағыс сынды дақылдар бар.

Қытайға астық экспорты (2023 жыл)

Барлығы – 1,4 млн тонна

Арпа – 880 мың тонна

Бидай – 538 мың тонна

Зығыр – 305 мың тонна

Күнбағыс – 204 мың тонна

Ұлттық банктің кешегі сессиясы бойынша орнаған валюта бағамы. АҚШ доллары 473 теңге 95 тиынға, ал еуро 513 теңге 38 тиынға саудаланады. Қытайдың юані 65 теңге 64 тиын болса, Ресейдің рублі 5,5 теңге тұрады.