Бас прокуратура 200 мың күдікті ақша аударымдарын тексереді

Еліміздің бас прокуратурасы 200 мыңнан астам күдікті банк транзакцияларын тексереді және елдегі ондаған ірі кен орындары бойынша келісімшарттар зерттеліп жатыр.

Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді. Елімізде сонымен қатар заңсыз жолмен алынған 400 млн теңгенің зергерлік бұйымдары тәркіленген. Бас прокурордың мәліметінше, тек биылғы жартыжылдықтың өзінде мемлекетке 325 миллиард теңге көлемінде активтер мен заңсыз сатып алынған 513 мың гектар жер телімі қайтарылды. Мысалы, Жетісу облысындағы көлік-логистикалық орталықты мемлекетке беру арқылы Қазақстан-Қытай шекарасындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік туды. Бұл ретте өткізу қабілеті 6 есеге артты. Алматы, Ақмола және Түркістан облыстарында алынған жерлер ауыл тұрғындарына мал жаюға және шаруа қожалықтарының қажеттіліктеріне берілді. Осы арқылы аталған өңірлерде жайылым тапшылығын едәуір азайтты. Жалпы алғанда қонақ үйлер, кеңсе ғимараттары, мейрамханалар, бизнес-орталықтар мен ірі қалалардың элиталық аудандарындағы жер учаскелері, базар, теміржол инфрақұрылымы сынды басқа да мүліктер қайтарылған.

«Қазір Активтерді қайтару жөніндегі комитет Қазақстандағы және шетелдегі жылжымалы және жылжымайтын мүліктің жүздеген объекті бойынша талдау жүргізіп жатыр. Миллиондаған АҚШ долларына бағалы қағаздардың шығу тегі, сондай-ақ 200 мыңнан астам күдікті банк транзакциялары және елдегі ондаған ірі кен орындары бойынша келісімшарттар зерттеліп жатыр. Нақты кәсіпорындар мен мүлік бойынша активтердің шығу көздерінің заңдылығы тексеріліп жатыр. Бұл жұмыста біз беделді халықаралық ұйымдардың қолдауына ие болдық», – Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры.

«Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаладан.