Қазақстандықтардың депозиттердегі салымы ₸47,8 трлн-ға жетті

Елдегі депозиттердегі салым сомасы 48 трлн теңгеге жуықтады, деп хабарлайды 24kz.

Халық тарапынан теңгеге сенім зор. Салымшылардың көпшілігі ақшасын теңгемен сақтағанды жөн көреді. Жыл басынан бері депозиттегі қаржы сомасы 3 трлн теңгеден астам өскен. «Бұл – нарық» айдарының жүргізушісі Нұрқанат Қанапиядан қаржы нарығындағы ахуал туралы білсек.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Иә, жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғалардың депозиттері 4%-ке жуық өсті.

Жыл басынан бері халықтың депозиттегі ақшасы 3,2 трлн теңгеге өсті. Яғни, қазір банктердегі жеке тұлғалар мен бизнес құрылымдардың есепшотында 48 трлн теңгеге жуық салым жатыр. Жеке тұлғалардың депозиттері маусым айында 3,4%-ке, яғни, 15,8 трлн теңгеге дейін өсті. Ал заңды тұлғалардың депозиттері 3,8%-ке ұлғайды. Яғни, 16 трлн теңгеге жетті.

Салымшылардың басым бөлігі жиған-тергенін ұлттық валютада сақтағанды жөн көреді. Маусым айында ұлттық валюта бойынша сыйақы мөлшерлемесі заңды тұлғалар үшін 13,5%-ті құрады. Ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесі 13,6%-ті еңсерді.

Депозиттердегі қаржы сомасы

Барлығы – ₸47,8 трлн

Өсім – 7,3% немесе ₸3,2 трлн

 

Банктер ₸30 трлн несие берді

Сондай-ақ банк алдындағы берешек 30 трлн теңгеден асты. Жыл басынан бері екінші деңгейдегі банктердің елге берген несиесі 7,7%-ке өсті. Оның ішінде теңгемен берілген несие 27,6 трлн теңгеге жетіп, ал шетел валютасымен берілген несие сомасы 2,5 трлн теңгені межеледі. Осылайша, теңгемен берілген несие үлесі 91%-ті құрады.

Несие сомасы – ₸30,1 трлн

Теңгенің үлесі – ₸27,6 трлн

Шетел валютасының үлесі – ₸2,5 трлн

 

Микронесие азайып, автонесие көбейді

Несиеге автокөлік алатындар көбейді. Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, маусым айында автокөлік алуға берілген қарыз 129 млрд теңгеге жетті. Яғни, мамыр айымен салыстырғанда 16%-ке артқан. Алайда бұл көрсеткіш былтырғы маусымындағы сомаға жетпейді. Өткен жылы несиенің арқасында темір тұлпар тізгіндеген қазақстандықтар саны 5%-ке артық болған.

Сонымен қатар ипотекаға үй алғандар қатары да артты. Мамырға қарағанда маусымда банк несиесіне жүгінгендер саны 14%-ке көбейді. Соған сәйкес 148 млрд теңге ипотекалық несие берілді.

Есесіне микронесие алатындар саны азайды. Бұл көрсеткішке саладағы кейбір қаржы ұйымдарының лицензиясын тоқтату нәтижесінде қол жеткізілді. Яғни, микронесие көлемі шамамен төрттен бірге азайып, 46 млрд теңгені межеледі.

 

Шетелге аударылған ақша азайды

Маусым айында шетел асқан қаржы көлемі кеміді. Ұлттық банктің мәліметінде көрсетілгендей, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ке азайды.

Осылайша, жаздың алғашқы айында 73 млрд теңге шетелдегі есепшоттарға жөнелтілген.

Мұндағы негізгі сома Өзбекстанға тиесілі. Көрші елге 29 млрд теңгеге жуық қаражат аударылған. Сондай-ақ бұл тізімде Ресей, Түркия, Грузия мен Қырғызстан алдыңғы орындарда тұр.

Ал, Қазақстанға 19 млрд теңгеден астам қаржы аударылды. Ең көп ақша Ресейден келді. Солтүстіктегі көршімізден 5 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Бұдан кейінгі орындарды 2,6 млрд теңгемен АҚШ және 2,3 млрд теңгемен Оңтүстік Корея еншіледі. Сондай-ақ алғашқы бестікте Өзбекстан мен Түркия бар.

Шетелге аударылған қаржы

Өзбекстан – ₸28,7 млрд

Ресей – ₸19,6 млрд

Түркия – ₸10,6 млрд

Грузия – ₸4,9 млрд

Қырғызстан – ₸2,6 млрд

Экспорт 2%-ке жуық өсті

Қаңтар-мамыр аралығында сыртқы сауда 55 млрд АҚШ долларынан асты. Қазақстанның негізгі сауда серіктестері қатарында Қытай, Ресей мен Еуропалық Одақ елдері көш бастап тұр.

Сауда айналымының басым бөлігі экспортқа тиесілі. Алғашқы бес айда экспорт 2%-ке жуық өсті. Шекара асқан тауар құны 32,5 млрд долларды құрады. Бұлардың арасында шикізаттық емес өнімдер мен қызметтер көлемі 13 млрд доллар болды. Оның 10,5 млрд доллары – дайын өнім. Кейінгі кезде халықаралық нарықта түсті металдар мен күнбағыс майына сұраныс артып отыр. Бұл өз кезегінде экспорттың өсуіне әсер етті.

Бүгінде Үкімет алдында 2029 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 45 млрд доллларға жеткізу міндеті тұр.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Біз сауда серіктестерімізге тәуелді стратегиялық маңызды импортты талдап, Қазақстан өндірісті арттырып, экспорттық әлеуетті жүзеге асыра алатын тауар позицияларын анықтадық. Тек Қытай Халық Республикасы бойынша осы елдің жыл сайын $700 млрд астам сомаға импорттайтын 50 тауар болды. Егер біз осы көлемнің 7-10% иелене алсақ, бұл шамамен $70 млрд болмақ. Сонымен қатар Си Цзиньпиннің сапары аясында Қытай тарапы бұл санды $80 млрд-қа дейін екі есе арттыруға дайын екендігін жеткізді.

Сонымен қатар отандық тауар өндірушілердің жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Мәселен, биыл Иран Ислам Республикасымен тауардың еркін сауда аймағы туралы келісім және Сингапурмен қызметтер саудасы бойынша келісім ратификацияланды. Бұдан бөлек, Индонезия және Моңғолия елдерімен сауда айналымы бойынша келіссөздер аяқталуға жақын. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда айналымын құру үшін келіссөздер жүріп жатыр. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда отандық экспорт көлемі 2 млрд долларға артады.

Сөз соңында Ұлттық банктің кешегі сессиясы бойынша орнаған валюта бағамына қатысты ақпар бере кетсем. АҚШ доллары – 474 теңге 71 тиынға, ал еуро – 511 теңге 74 тиынға саудаланады. Қытайдың юані – 65 теңге 51 тиын болса, Ресейдің рублі 5 теңге 54 тиынға бағаланды.