Үкімет басшысы Атыраудағы мұнай-газ кәсіпорындарының жұмысымен танысты

primeminister.kz

Атырауда жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін ірі инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір құрылыс жұмыстары 11%-ке аяқталған. Сондай-ақ полипропилен өндіретін зауыт келер жылы 500 тоннадан астам өнім шығаруды жоспарлап отыр. Бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов Атыраудағы мұнай, газ химиясы және өнеркәсіпті дамыту жөніндегі Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді.

Мұнай қорының 80% шоғырланған Атырау облысы – еліміздің мұнай-газ химиясы саласындағы жетекші өңір. Облысқа арнайы келген Үкімет басшысы Қашаған кен орнындағы жобалық қуаты жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысымен танысты. Олжас Бектенов QazaqGaz компаниясы қатарлық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаның маңызын атап өтті. Сондай-ақ құрылыс қарқынын жеделдетіп, 2026 жылға дейін аяқтауды тапсырды.

Мейірбек Ихсанов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Бүгінгі кезде «площадкада» мыңнан астам адам бар. 150 техника бар. Құрылыс «нулевой» циклда келе жатырмыз. Свай жұмыстары бар, бетон жұмыстары бар. «Нулевой» цикл біткесін, келесі цикл – жабдықты монтаждау. Зауытты 2026 жылдың соңына дейін бітіреміз.

Үкімет басшысы полипропилен өндіретін зауыттың жұмысымен де танысты. Бұл – еліміздегі ірі жобаның бірі. Зауыт іске қосылғалы Қазақстанда полипропилен бағасы тоннасына 650 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін төмендеген. Отандық кәсіпорынның қуаты Өзбекстан өндірісінен 5 есе жоғары.

Дамир Әшімов, «КРІ Inc.» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры:

- 2024 жылы 360 тонна полипропилен өндіру жоспарланып отыр. Келер жылы бұл көрсеткішті 500 тоннаға жеткіземіз. Қазір зауытта жұмыс істейтін қызметкерлердің 85% астамы – отандық мамандар.

Зауытта шикізат терең өңдеуден өтеді. Мұнда құрылыс, медицина, автомобиль жасау, азық-түлік және тоқыма өнеркәсібі салаларына таптырмайтын 10 полипропилен маркасы шығарылады. Зауытты аралау барысында Үкімет басшысына «Доссор-Атырау» автожолын қайта жаңғырту жобасы да таныстырылды. Осылайша, беріктікті арттырып, пайдалану сапасын жақсарту мақсатында зауыт өнімдерін құрылыс индустриясында да кеңінен қолдану жоспарда бар.

Үкімет басшысы бұдан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытында болды. Жобалық қуаты жылына 5,5 млн тоннаны құрайтын зауытта бүгінде мұнай өнімдерінің 35-ке түрі шығарылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Тазалық» жобасы шеңберінде механикалық тазарту құрылыстары мен нормативті түрде тазартылған ағынды суларға арналған арнаны реконструкциялау, сондай-ақ булану алаңдарын рекультивациялау көзделген. Бүгінде жұмыстың бір бөлігі аяқталды. Сарқынды суларды тазарту тиімділігі 96%-ке жетті. Булану алаңында 431 га жер қалпына келтірілді.

Дмитрий Макеев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл – ірі экологиялық жоба. Соның арқасында қазір сарқынды суларды тазарту тиімділігі 96%-ке жетті. Булану алаңында 431 га жер қалпына келтірілді.

Үкімет басшысы «Жігермұнайсервис» зауытында болып, өңірдегі машина жасау саласының даму қарқынымен танысты. Бүгінде облыстың өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 10% құрайды. Бұл ретте машина жасау саласы жергілікті ерекшелікті ескере отырып, негізінен мұнай-газ қызметіне арналған тауарлар мен қызметтерді ұсынады.

Премьер Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Құлсары қаласындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жөніндегі тапсырмасының орындалуын да тексерді. Сондай-ақ өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. 2019 жылдан бастап облыста 11 еңбек мамандығы бойынша 2,5 мыңнан астам адам оқытылды. Арнайы мамандандырылған курстардан өткеннен кейін 80%-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Үкімет басшысы отандық кадрларға сұранысты арттырудың және шетелдік жұмыс күшіне қажеттілікті қысқартудың маңызын атап өтті.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов.