Ұлытауда отандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті

Ұлытау облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының іріктеу кезеңі өтті.

Ұлытау ауданының жаңадан кәсіп бастаған азаматтары, өз өнімдерін көрмеге шығарып, жұрт назарына ұсынды. Тауар өндірушілердің ерекше өнімдері, облыстық кезеңнің жеңімпазы атағына үміткерлер тізіміне енгізіледі. Жобаның аймақтық қорытындысы, тамыздың соңында Жезқазған қаласында өтеді.

Көрмеге жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері қойылды. Ұлытау өңірінде ауыл шаруашылығы жақсы дамығандықтан негізінен осы бағыттағы өнімдер таныстырылды. Бірақ соңғы уақытта жергілікті тұрғындар арасында құрылыс, кондитерлік өнім, қызмет көрсету саласына қызығушылық артып келеді. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарын сапалы аймақтық тауар өндіруге ынталандыру,-дейді шараны ұйымдастырушылар. 

Гүлмира Қаженова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Жобаның аудандық кезеңінен үш жеңімпаз анықталады. Олар күздің күні осы бағыттағы облыс әкімінің грантына қатысады. Сонымен қатар оған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енген 12 түрлі тауар өндіретін кәсіпкерлерде қатыса алады. Биыл грантқа сондай талап қойылып отыр. Бұның бәрі өз кәсібін ашып, тұрмысын түзегісі келетін жас кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болмақ. 

Жас кәсіпкер Әлібек Байтановтың бизнес жобасы өткен жылы облыс әкімінің грантына ие болды. Қазір оның құрылысқа арналған бетон бұйымдарына сұраныс жоғары. 

Әлібек Байтанов, Қарсақпай ауылының тұрғыны:

- Мұндай жобалар біз сияқты жеке кәсібін ашқан жас кісіпкерлер үшін үлкен қолдау деп түсінемін. Әсіресе тәжірибе алмасуға таптырмайтын мүмкіндік. Кім не істеп, қандай өнім шығарып жатыр? Қандай жаңа технологиялар қолдануда. Нарыққа не қажет? Бағытымыз дұрыс па деген сияқты сан сауалға жауап табамыз. Мемлекет тарапынан да үлкен қолдау жасалып жатыр. Соны пайдалануымыз керек. 

Көрменің тағы бір қатысушысы - Ұлытау ауылының тұрғыны Гүлмара Дүкенбаева. Ол отбасымен бірге сүт өнімдерін өндірумен және өңдеумен айналысады. 

Гүлмира Дүкенбаева, Ұлытау ауылының тұрғыны:

- Біз сүт өнімдерінен жасалатын өнімдерді көрсеткен болатынбыз. Биылғы жылға бір ерекшелік – тек ғана құрт өнімдерін халыққа қалай ұсынуға болатындығын көрсету үшін алып келіп тұрмыз. Жаңашылдығымыз осы болады. Біз әлі де сүт өнімдерінен жасалатын өнімдері дамтып жатырмыз. Егерде біз «бір ауыл – бір өнім» жобасында жеңімпаз атанып, облысқа өтетін болсақ, біз сырдан жасалған өнімдері ұсынар едік. 

Жақын арада тағы бір іріктеу кезеңі Жаңаарқа ауданы кәсіпкерлерінің арасында өтеді. Ал жобаның аймақтық кезеңінің қорытындысы тамыз айының 24 күні облыс орталығында өтеді деп күтілуде. Көрмеге облыстың барлық ауданының тауар өндірушілері қатысады.

Жандос Жұмабек, Елизавета Шалина, Нұрбол Үздікбаев