Жетісу облысында қант қызылшасын тамшылатып суару әдісімен өсіреді

Жетісу облысында тамшылатып суару арқылы алғаш рет қант қызылшасы өсіріле бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Алакөл ауданындағы тың жобаны Болат Төребекұлы жүзеге асырып жатыр.

Болат Төребекұлы 275 гектарға тамшылатып суару жүйесін тартқызды. Сол арқылы бұрын-сонды игерілмеген жайылымдық жерді егістік алқапқа айналдырды. Серіктестік жетекшісі тың технологияның тиімділігін сезініп, артықшылығын байқаған.

Болат Төребекұлы, шаруашылық жетекшісі:

- Су 8 есе үнемделеді. Бір арамшөп таппайсың. Іздесеңіздер де. 100% шығады. Тұқым жақсы. Тұқым шықпай қалды деген болмайды. Мынаумен сепсе, 100% өзін-өзі ақтайды. 100% осыған көшу керек. Сонда қант қызылшасы болады. Қазақстан қантты сырттан алмайды.

Шаруа көршілес елдің инвесторларымен жұмыс істеп жатыр. Жерасты суын шығару үшін бірнеше ұңғыма қазып, электр желісін тартқызған. «Әсіресе трансформаторларды орнату ауыртпалық салды», – дейді дала еңбеккері.

Болат Төребекұлы, шаруашылық жетекшісі:

- 4000 мың кв трансформаторды қою үшін 46 млн теңге кетті. Үкімет тарапынан көмек болмаса, мұны әркім жасай алмайтынына менің көзім жетеді. Себебі жағдай жоқ оған.

Шаруашылық басшысы келер жылы тәтті түбір көлемін мың гектарға жеткізбек.

Жетісу облысында су үнемдеу технологиясын енгізген шаруалар саны жылдан жылға артып келеді. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың мәліметінше, биылдың өзінде 42 қожалық дәл мынандай тамшылату және жаңбырлату технологиясы арқылы 7 мың гектар жерді игеріп, ел ырыздығын арттырып отыр.

Мұндай тәсілмен аймақтағы 16 мың гектар жерге әртүрлі дақыл себілген. Саладағылар: «Жыл соңына дейін оның көлемін екі есе ұлғайтамыз», – деп отыр.

Ержан Шағылбаев, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Бүгінгі күні Талдықорған индустриалды аймағында жаңбырлатып суару машинасын жинау цехы жүргізіліп жатыр. Оны енді осы қыркүйек айында іск қосу жоспарланып отыр. Оның қуаты 30-40 машина шығаратын болады.

Облыста су үнемдеу технологиясын дамытуға арналған жоспар бар. Ол бойынша 2030 жылы 175 мың гектер жер тамшылату немесе жаңбырлату тәсілімен игерілуі тиіс.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.