Т. Дүйсенова «Ауыл аманаты» аясында ашылған кәсіпкерлік нысандар жұмысымен танысты
Жамбыл облысында қаржылық қиын жағдайға тап болған тұрғындарға тауарлы несие беріле бастады.
«Агросауат» атты біліктілік орталығында тұрғындар кәсіп түрлерін үйреніп, әрі қарай бизнес ашуға мүмкіндік алып отыр. Пилоттық жоба әзірге Меркі ауданында жұмыс істеп жатыр. Вице-премьер Тамара Дүйсенова аталған орталықтың және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты.
Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» аясында ашылған бизнес нысандарда болды. Солардың бірі Шу ауданында нәтижелі жұмыс істеп тұр. Нұрзат Қошқарбаев сплитерлі кірпіш шығарумен айналысады. Кәсіпкер мемлекеттен 8 жарым млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, автоматтандырылған құрылғы орнатқан. Соның арқасында қазір күніне 2000 кірпіш өндіреді. Ал Қорағаты ауылында тігін цехы жұмысын бастаған. Мұнда балабақшаларға төсек жабындары мен жастық қаптарын сатылады. 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Айгүл Жұманова, Шу ауданының тұрғыны:
- Ауылдан осы тігін цехы ашылғанына біз өте қуаныштымыз. Біз сияқты мәне пенсияға жақындаған кісілерге өте қуаныштымыз жақсы болды. Жастарға жұмыс табылады ғой қай жерден болсын. Айлығымызды айма-ай алып отырмыз.
Ал Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кооператив құрылды. Оның мүшелері 36 млн теңгеге 3 трактор мен 17 қосалқы жабдық алып, елді мекенге қызмет көрсетіп келеді. Жергілікті тұрғындармен кездескен вице-премьер жайылымдық жер мен су мәселесін тез арада шешу үшін жауапты тұлғаларға тапсырма берді. Облыста 9 мың бас түйе болса, жергілікті шаруалар ет пен шұбат өндірумен ғана шектеліп отыр. Алматы облысынан келген кәсіпкер Сыдық Дәулетов оларға түйе сүтін терең өңдеудің тәсілдерімен бөлісуге ниетті екенін жеткізді.
Сыдық Дәулетов, кәсіпкер:
- Осы 9 мың бас түйенің басын біріктіріп орталықтан бір зауыт салыңдар дедім. Шаруашылығыңдағы өндірістің көшірмесін жасаймыз өзіміз жасаймыз десе оған көмектесемін. Жоқ аға онда осыны бізге жасаңыз бір осы елімізге экономикамызға ауылымыздың көктерілуіне бір зауыт салып бер деп жатса, оны да мақұлдап, құдай қаласа осы алдағы бір жылда осы нәтижесін шығарамыз.
5 мың түйенің бабын тапқан шаруа облыс әкімдігімен келісімге келді. Түйе асырағандарды өз өндірісіндегі барлық технологиямен таныстыруға дайын. Тіпті оларға 100 түйені тауарлы несие ретінде беруге келісімін беріп отыр. Тамара Дүйсенова қос тарапқа оның тиімді тетіктерін пайдаланып, әрі оған сақтандыру механизмін енгізу қажет деді.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Егер де бір қандай да форс-мажорлық жағдай болатын болса тауар кредит алған азамат та, тауар берген азамат та зиян шеккелі отыр. Ал егер сақтандыру жүйесін ендіретін болсақ, онда екі жаққа да ұтымды болады. Сақтандыру қорлары форс-мажор уақытында қосымша қаржылай беруді қарастыратын болады.
Банк алдында қарызға батып, шаруасын дөңгелете алмағандар бәрін қайта бастай алады. Меркі ауданында «Агросауат» агробіліктілік орталығы жұмысын бастады. Мұнда бақша, егін, құс пен мал шаруашылығын жүргізуге қатысты теориялық және тәжірибелік оқу курстарынан тегін өтуге мүмкіндік бар.
Эльдар Жұмағазиев, "Amanat" партиясының хатшысы:
- «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен «Қарызсыз қоғам» бағдарламасын екеуін ұштастыруды қазір шештік. Себебі бұл азаматтарға несие қазір берілмейді заң жүзінде. Бұлар қара тізімде барлығы. Сондықтан біз экспериментті түрде бұларға тауарлы кредит бердік. Тапқан табысының 50 пайызын бұл қарызын жабады. Ауыл аманаты сияқты бағдарламаларға кіруге мүмкіндік алады. Біздің ең басты көздеген мақсатымыз осы адамдарды мемлекеттік бағдарламаларға беттерін бұру.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Біз бұл проектіні де әрі қарай жалғастырамыз деп отырмыз. Яғни оқу корпустары ашылған. Және сол оқу корпустарының алдында сол азаматтарды практика жүзінде оқытуды үлкен кәсіпкерлер өздерінің мойындарына алып соны басқа региондарға да масштабировать етуді қарастыратын боламыз.
Жамбыл облысы өзінде бар өндірісті дамыту үшін өзге өңірлермен тәжірибе алмасып, озық үлгілерін енгізу қажет. Сонымен қатар ауылдарда цех ашып, тауарлы кредитке басымдық беруді тапсырды Үкімет басшысының орынбасары. Ал кооперативтерге бірігу аграрлық саланың қарқынды дамуына ықпал ететін бірден бір бағыт екенін тағы да атап өтті.
Мерей Бает, Елдар Байділдә