Атырауда «Шабақтарды сақтайық» экоакциясы өтті

Атырауда «Шабақтарды сақтайық» экологиялық акциясы өтті.

Көктемде Жайық арнасынан асып, су жайылмаға шығып кеткен болатын. Енді өзен деңгейі түскеннен кейін уылдырық шабаққа айналып, тоғандарда қалып қойған. Бүгін волонтерлер 3 мыңға жуық шабақты Жайыққа жіберді.

Шабақ құтқару жұмыстары маусым айында басталған. Содан бері үздіксіз жалғасып келеді. Бүгін Жастар ресурстық орталығы мен «Теңіз жүрегі» волонтерлер тобының ұйымдастыруымен 50-ге жуық ерікті Талдыкөл ауылының тұсындағы көлшіктерден шабақтарды жинап, табиғи ортаға жіберді. 

Ержан Шармұхамбетов, волонтёр:

- Мына судың ішінің бәрі малекке толы, шабаққа. Сол шабақтың бәрін Жайыққа жіберу мақсатында, шабақты құтқару мақсатында осында атсалысып жатырмыз. 

Нұрислам Набидолла, волонтёр:

- Бүгін шабақтарды құтқару акциясына келдім. Кішкентай шабақтарды осындай көлшіктерде қалып қойған, Жайыққа жіберіп, олардың өмірін аман алып қалу, мақсатымыз сол. Елдің болашағы жастар. Сондықтан сіздердің барлығыңызды волонтерлікке шақырамын, келіңіздер! 

Осылайша волонтерлер 3 мыңға жуық шабақты құтқарды. Қоршаған ортаны қорғауға арналған мұндай шаралардың маңызы зор, дейді ұйымдастырушылар. 

Айдана Балашева, қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:

- Бұл акцияның мақсаты - Атырау қаласының байлық көзінің бірі болып саналатын балықтарымызды аман-есен алып қалып, Жайық өзеніне жіберу. Волонтерлеріміздің белсене атсалысуымен қазіргі таңда Атырау қаласында өлкемізді сақтап қалу, тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында көптеген жастар белсене атсалысуда. Әлі де жалғасын табады. 

Экологиялық акция аясында шабақ құтқару ғана емес, Атырау-Орал күре жолының бойы қоқыстан тазаланды.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин