Қазақстанда 13 мың азамат банкрот деп танылды
Елде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енгелі 13 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды, деп хабарлайды 24kz.
Олардың 43 млрд теңге берешегі кешірілді. Қаржы министрлігі биылғы жылдың бірінші жарты жылдығына атқарылған жұмыс есебін жариялады. 1 қаңтардан бері 1 млн-нан астам жеке тұлға, декларация тапсырған. Елде 847 аудиторлық іс-шара жүріп, жалпы сомасы 218 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылықтары анықталды. 174 млрд теңгенің зардабы қалпына келтірілді. Министрлік кедендік бизнес-процестерді цифрландыруды жалғастырады. Сәуір айында жедел жүктерді электронды декларациялау жүйесі іске қосылды. Жыл соңына дейін жаңа кеден жүйесін кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Өткізу пункттері бойынша үшінші елдермен автокөліктердің өту режимі 36%-ке артты. Егер былтыр I жартыжылдықта 440 мың автокөлік жүрсе, биылғы жартыжылдығында 600 мыңнан астам автокөлік кеден бекеттерінен өтті. Бұл дегеніміз, елдің транзиттік мүмкіншілігі өсуде. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап валюталық бақылау функцияларының бір бөлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне берілді. Қорытындысы бойынша орындалмаған міндеттемелер мәселелері бойынша құқық қорғау органдарына $3,3 млрд сомасына 335 материал берілді.
«Ұлттық қор – балаларға»: 13 мың өтінім орындалды
Қазақстандықтар биылғы ақпан айында «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында алғашқы төлемдерін алды. 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 18 жасқа дейінгі балалар саны 6,9 млн болды. Тұрғын үй жағдайын жақсарту мен жоғары білім ақысын төлеуге барлығы 16,6 мың өтінім беріліп, құны 1,3 млн долларға 13 мыңға жуық өтінім мақұлданды. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында келесі түсім 2025 жылдың ақпан айында түседі. Биыл 18 жасқа толған балаларға 100,05 доллардан есептелді.
Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Мемлекет басшысы 2022 жылы «Ұлттық қор –балаларға» жобасын іске асыру бойынша тапсырма берді. Жобада Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ін 18 жасқа дейінгі балалардың жинақтаушы шоттарына аударуды көздейді. Оларды пайдаланудың негізгі бағыттары – тұрғын үй жағдайын жақсарту және білім алуға ақы төлеу. Былтыр әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көп жылдық тәжірибені ескере отырып, тиісті заң қабылданды, оператор ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры анықталды.