Астанада Орталық Азия елдері энергетика министрлерінің кездесуі өтті

2030 жылға қарай Орталық Азия елдерінің халық саны 27%-ке дейін өсуі мүмкін. Бұл ауызсу мен қуат көзіне сұранысты едәуір арттыра түседі, деп хабарлайды 24kz.

Энергетика саласындағы тәуекелдерді төмендету үшін аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту керек. Астанада бас қосқан бес елдің энергетика министрлері осындай ұйғарымға келіп, бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты.

Қуандық Танабас, тілші:

- Орталық Азия мемлекеттері кейінгі жылдары тұрақты даму үлгісін көрсетіп келеді. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздік аймақтағы әрбір ел үшін стратегиялық маңызға ие. Астанада өткен келелі кеңесте бес мемлекеттің энергетика министрлері түйткілді мәселелерді түгендеп, елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған болашақ жобаларды пысықтады.

Алмасадам Сәтқалиев, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі:

- Біз Әзербайжан және Өзбекстан Республикаларымен «жасыл энергияны» дамыту саласындағы жаһандық жобаны іске асыруды бастаймыз, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен және Өзбекстанмен Қамбар ата ГЭС-1 гидроэлектростанциясының құрылысы бойынша талқылау жүргізіп жатырмыз. Халық санының тұрақты өсуін және тиісінше электр энергиясын тұтынудың артып келе жатқанын ескерсек,  бұл аймақтық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жобалар болмақ.

Сарапшылардың болжамынша 2050 жылға қарай Орталық Азия елдеріндегі халық саны 27%-ке артады. Бұл ауызсуға деген сұранысты 50%-ке, азық-түлік қажеттілігін 35%-ке көбейтеді. Қазірдің өзінде аймақ елдерінде қуат көзіне тапшылық бар. Экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуде Орталық Азия елдеріне ынтымақтастықты тереңдете түсу керек.

Журабек Мирзамахмудов, Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі:

- 2019 жылдан бері Өзбекстанда электр энергиясын тұтыну 25%-ке артты. 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш тағы 50%-ке өседі деп болжанып отыр. Мәселен, биыл шілде айында электр энергиясын тәуліктік тұтынудың рекорды қойылып, ол 254 млн киловатт сағатты құрады. Осы орайда Өзбекстан өз алдына «жасыл энергетиканы» дамытуды мақсат етіп отыр. Орта Азия елдері бұл ретте инновациялық жобаларды бірлесе, жүзеге асыруға, бұл салаға қажетті мамандарды даярлауда тәжірибе алмасуда күш біріктіруі тиіс.

Қазіргі таңда еліміз Қырғызстан және Өзбекстанмен Қамбар ата гидроэлектростанциясының құрылысы бойынша белсенді талқылау жүргізіп жатыр. Бұл үш ел үшін де тиімді жоба. Кездесуде Тәжікстан тарапы да энергетика саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бейілді екенін білдірді.

Джума Далер, Тәжікстан Республикасының Энергетика министрі:

- Қазір Тәжікстанның энергожүйесін Орталық Азияның бірлескен энергетикалық жүйесіне қосу бағытында жобалар жүзеге асырылуда. Тәжікстанның бұл ретте гидроэнергетикалық әлеуеті мол екенін ескеру қажет. Елімізде Рогун гидроэлектростанциясының құрылысы жүруде. Ол көршілес Орта Азия елдеріне қуат көзін экспорттауға мүмкіндік береді. Осы жобаларды жүзеге асыруға аймақ елдерінің атсалысып жатқаны ерекше қуантады.

Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия энергетикалық ведомстволарының басшылары елдер арасындағы ынтымақтастықтың негізін қалайтын коммюникеге қол қойды.

Авторлары: Қуандық Танабас, Ырыстанбек Оспанов