Израиль еліміздегі су қоймаларының құрылысына инвестиция салады
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомвство басшысы Нұржан Нұржігітов Израильдің ірі компанияларының өкілдерімен кездесті. Тараптар су саласының түрлі бағыттары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау, бірлесіп кадр даярлау жөнінде сөйлесті. Израильдік бизнесмендер су қоймаларын салумен қатар, су тасқынын болжау және одан қорғанудың заманауи жүйелерін ұсынуға дайын. Сонымен қатар кездесуде су үнемдеу технологияларын енгізу, суды тазарту және қайта пайдалану, су ресурстарын бөлу мен есепке алуды автоматтандыру жұмыстары бойынша серіктестік орнату мәселелері қаралды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Біз бірінші кезекте нормативтік-құқықтық базамен айналыстық. Су ресурстарын басқарудың жаңа тұжырымдамасын, жаңа кодексін жасап шықтық. Қазіргі таңда біз атқарылуға тиіс жұмыс көлемін анықтадық. Бұл бағытта ирригация жүйелерін жаңғырту, ауызсумен жабдықтау желісін тұрғызу жұмыстары жүргізіледі. Осы орайда бізді экономиканың барлық саласын сумен қамтамасыз етудегі Израильдің тәжірибесі қызықтырып отыр.