АЭС салу жөніндегі қоғамдық талқылау өтті

Семейде атом электр станциясын салу жөнінде қоғамдық талқылау өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Оған экологиялық ұйымдардың өкілдері, энергетика саласындағы сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Нысанды салу үшін екі орын қарастырылмақ. Оның біреуі – Алматы облысындағы Үлкен ауылы, екіншісі – Абай облысындағы Курчатов қаласының аумағы. Сарапшылардың айтуынша, станцияның құрылысы қоршаған ортаға ешқандай қауіп тудырмайды. Әрі оның ел экономикасы үшін тиімді тұстары айтылды.

Рафаиль Хазипов, «Комитет полигоны 21» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

- Біздің ел уран өндірісі бойынша әлемде алдыңғы қатарда. Оны өзге мемлекеттерге сатумен ғана шектелеміз. Оның игілігін өзіміз де көруіміз қажет. Мысалы, Семей ядролық сынақ полигоны 40 жыл бойы өңірге орны толмас зиян келтірді. Дегенмен ғылымға қажетті көп нәрсе алдық. АЭС-тен қорқудың қажеті жоқ. Мұнда ешқандай сынақтар жүргізілмейді. Бұл – бүкіл әлемде қолданылатын жоғары технологиялық процесс.