Жапония транзиттік қаржыландыру саласына инвестиция салуға дайын
Жапония елімізбен транзиттік қаржыландыру саласында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі.
Бұл жайында Жапония халықаралық ынтымақтастық банкінің төрағасы Хаящи Нобумицу Премьер-министр Олжас Бектеновпен кездесу барысында айтты. Үкімет басшысы мейманмен қаржы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жайын талқылады. Жапония халықаралық ынтымақтастық банкі бұған дейін елімізде энергия және сумен жабдықтау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика салаларында құны 2,3 млрд доллар болатын 26 жобаны қаржыландырды. Алдағы уақытта Қазақстан Даму банкімен бірлесіп, түрлі салада жалпы сомасы 200 млн доллар болатын бірқатар маңызды жобаны қаржыландыру көзделіп отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Бүгінде Жапон елі Шығыс Азиядағы негізгі серіктестеріміздің бірі әрі елімізге қаржы құйған 10 ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы былтыр 10 жарым пайызға өсіп, 2,1 млрд доллар болды. Биылғы 5 айда екі жақты сауда көлемі 768 млн долларға жетті. 1993 жылдан бері Жапония еліміздің экономикасына 8 млрд доллар инвестициялады.
Жапония Қазақстанның 10 ірі инвесторының қатарында
Тауар айналымы – 2023 ж. - $2,1 млрд
Өзара сауда – 2024 ж. қаңтар-мамыр - $768 млн
Жалпы инвестиция – 1993 ж. бері - $8 млрд