Мерейі үстем металлургтер отбасы
Риддерде барлығы бір зауытта жұмыс істеп, металлургияны дамытуға үлес қосып жүрген Жангутиновтер отбасы көпке үлгі.
Жалпы еңбек өтілі 250 жылға жететін әулет мүшелері кәсіптен қол үзбей келеді. Бүгінде ағайындылардың бесеуі өндірістік мекемеде еңбек етеді.
Ержан Жангутинов Риддердегі өнеркәсіптік кешенде 27 жылдан бері еңбек етеді. Өндіріске қажетті жабдықтардың қосалқы бөлшектерінен бастап, ірі агрегаттардың сызбасын жасайды. «Әр деталь үшін үлкен жауапкершілік қажет. Қателік соңы апатқа әкелуі мүмкін», - дейді кәсіби маман.
Ыждаһаттылық, еңбекқорлық ағайынды Жангутиновтерге ортақ қасиет. «Өмірін өндіріске арнаған атам бәрімізге кәсіпке адал болуды үйретті», - дейді Ержан. Ендігі мақсат сол «ата аманатына» кір келтірмеу.
Ержан Жангутинов, инженер:
- Менің мамандығым менің өмірім десем де болады. Ешқашан қиналып, бұл жұмыстан кетем деген кезім болған жоқ. Мұндай мінез біздің әулетке тән емес. Мен өзімнің қолымнан не келетінін көрсеткім келді. Іні-қарындастарыма үлгі-өнеге болсам деймін.
Үлгі алғандар көп. Қарындасы Ару Жангутинова зауыттағы ең ыстық зертханада жұмыс істейді. Пима, қолғап киіп мың градустық температурадағы пеш қасында жүреді. Бағалы металл құрамына талдау жасайды. Әу баста қиналғанымен, кейін кәсібіне бейімделген.
Ару Жангутинова, зертхана маманы:
- Иә, бірінші келгенде қорқыныш болған, содан кейін кішкене үйреніп алдық. Осы пештің қасында мен кешке дейін жұмыс істеймін, маған әріптестерім көмектесті.
Жангутиновтер жұмыста сирек кездескенмен дастарқан басында жиі жүздеседі. Мерхан Жангутинов зейнеткерлік демалыста. 70 жасқа толған ол отбасылық құндылық туралы кітап жазып, шығармашылыққа ден қойған.
Жангутиновтердің жалпы еңбек өтілі - 250 жыл. Олар өлкеде түсті металлургияны дамытуға үлес қосып жатқанын мақтан тұтады. Осы жолды таңдайм деген бүгінгі буын өкілдеріне де қолдау көрсетуге дайын.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин