Түркістанда су үнемдеу технологиясы 80% субсидияланады
2030 жылға қарай Түркістан облысындағы суармалы жердің 50% су үнемдеу технологиясын қолданады, деп хабарлайды 24KZ.
Яғни, 216 мың гектар жерге жаңа технология енгізіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биыл 22 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіледі. Бүгінге дейін соның 13 мың гектарына орнатылған. Оның 8 мыңына тамшылатып, 5 мың гектарына жаңбырлатып суару жабдықтары қойылған. Шаруалар бұған дейін мұндай технологияны сырттан сатып әкеліп орнатса, енді өзімізде шығарылады. Жақында Түркістандағы индустриялды аймақта жылына мың дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауыт іске қосылды. Өткен айдан бастап, шаруаларды ынталандыру үшін жаңа технологияға көшкен диқандарға шығынның 80% мемлекет өтеп бере бастады.
Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Сонда шаруалар су үнемдеу технологиясын лизингке алып, сол құрал-жабдықтарын кепілге қояды. Оған біз келісімшарт мақұлданған күннен бастап, 80% аударуға дайынбыз. Сонда шаруалар 20% 7 жылға дейін бөліп төлейді. Бұл – шаруаларға өте үлкен жеңілдік. Биылғы жыл тәжірибе көрсетті, әр ауданға біз тамшылатып суару жүйесін енгіздік. Қолмен ұстап, көзбен көргеннен кейін бірқатар шаруаның ойы өзгеріп, осы технологияны енгізуге жұмыс істап жатыр.