Түркістан облысында 62 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр
Түркістан облысы еліміздегі индустриялық-аграрлық дамыған аймаққа жатады. Сондай-ақ елеулі өндірістік-экономикалық әлеуетке ие, еңбек ресурстары көп өңірдің бірі.
Соңғы 5 жылда облыстағы белсенді кәсіпорындардың саны 350-ге жетіп, онда 18 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылды. Биыл өңірде 152 млрд теңгеге 62 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібі өркендеген өңірде отандық тауар өндірушілердің күйі қалай? Қолдауға зәру емес пе? Жеңілдетілген несие қолжетімді ме?
Түркістан қаласының тұрғыны Дәулет Сақтанов 2 жылдан бері осы жиһаз цехында жұмыс істейді. Мұнда ол темір орындықтардың сыртын матамен қаптайды. Өнім сапалы болуы үшін әркімнің өзіне жүктелген жұмысы бар. Бір-бірінің шаруасына араласпайды. Барлығы өз ісімен айналысады. Еңбекке жастайынан әбден піскен Дәулет жұмысы өзіне ұнайтынын айтады.
Дәулет Сақтанов, жұмысшы:
- Менің бұл жердегі жұмысым – күніне кем дегенде 500, болмаса мыңға жуық орындықтың арқалығын қаптап шығару. Одан кейін мен қасымдағы екінші балаға жіберемін, ол орындықтың бетін қаптап, сыртын орап, қоймаға дайындайды.
Жиһаз фабрикасы 2020 жылы ашылған. Қазір мұнда 260 адам екі ауысыммен жұмыс істейді. Олар темірді кесіп, дәнекерлеуден бастап, орындықты бояу, қаптау, тігу, орау жұмыстарының барлығын осы жерде жасайды. Ас үй мен үлкен үйге арналған үстелдер де осы цехта жиналады. Мұнда ас үй жиһазының 70-ке жуық түрі шығарылады. Дайын өнім еліміздің 16 өңіріне жөнелтіледі. Фабрика директорының орынбасары Шахиста Жалилованың айтуынша, мұнда жылына 13 млн дана өнім өндіріледі. Кәсіпкер өткен жылы мемлекет қолдаудың арқасында «Даму» қорынан жеңілдетілген несие алған.
Шахиста Жалилова, фабрика директорының орынбасары:
- Соның өзі бізге өте көп мүмкіндік берді. Бізде электр қуатының қымбат екенін «Атамекенде» көтердік. Олардың да көмегі көп тиді, электр тарифін 12 теңгеге түсірді. Шағымымыз болса, ұсынысымыз болса, бірден «Атамекен» палатасына барамыз. Қазақстанның ішіндегі болып жатқан көрмелердің барлығына қатысамыз. Алдағы уақытта бізде ұсыныс бар, шетелдегі көрмелерге қатыссақ, тәжірибе алмасу деген бар, үйренеміз көп. Соған Үкімет тарапынан шамалы бағыт-бағдар болса, қолдау болса, алдағы уақытта ол да орындалады деген үміттеміз.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының басты міндеті – кәсіпкерлердің құқығын қорғау», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков. Өңірлік палата өткен жылы 80 кәсіпкердің мәселесін шешіп, 960 млн теңгенің мүліктік құқығын қорғапты.
Ербол Әуелбеков, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Сонымен қатар ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес, қолдау құралдары бар. Ол бағыт бойынша біз кәсіпкерлерге кеңес береміз. 2023 жылы 13 мыңнан астам кеңес берілді. Сондай-ақ салықтық және статистикалық есептерді тапсырып береміз. Бизнес жоспарлар әзірлеп береміз. Сонымен қатар бізде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жүзеге асып жатыр. Жобаның басты мақсаты – әр ауылда жергілікті шикізатты қолдану арқылы бір өнім шығару. Кәсіпкерлердің басты проблемасының бірі – сол өнімді өткізу мәселесі. Соны шешу мақсатында осы жобаны жүзеге асырып жатырмыз.
Жауаптылар отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін өңірде инфрақұрылымдық алаңдарды дамытуға басымдық берілгенін айтады. Бүгінгі күні облыста 10 индустриалды, 3 өнеркәсіптік аймақ бар. Онда жобалық құны 41,5 млрд теңге болатын 53 кәсіпорын орналасқан. Қосымша 89,5 млрд теңгеге 30 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы биылғы жылдың 7 айда өңірде отандық тауар өндірушілерді қаржылай қолдау мақсатында кәсіпкерлерге жеңілдетілген пайызбен 47,7 млрд теңге несие берілген.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.