Қазақстан Түркияға ет өнімдерін экспорттайды

Қазақстан мен Түркия ауыл шаруашылығы саласында құны 553 млн доллар болатын 10 жобаны жүзеге асырмақ.

Атап айтқанда, елімізде жылыжай кешені мен көкөніс қоймаларын салу, сондай-ақ бұршақ өңдеу зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Анкараға жасаған сапары барысында белгілі болды.

Қазақстан мен Түркияның ауыл шаруашылығы саласындағы қатынастары жылдан-жылға тұрақты дамып келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 13% өсіп, 325 млн долларға жетті. 2024 жылдың алғашқы 5 айында ол 137 млн долларға жеткен. Десе де бұл көрсеткішті әлі де еселеу қажет. Анкарада түрік әріптесі Ибрахим Юмаклимен кездескен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осылай деді. Екі министрдің төрағалығымен өткен басқосуға қазақ-түрік кәсіпкерлері қатысып, агросектор мен мал шаруашылығы саласында өзара ынтымақтасты нығайту жағын сөз етті.

Ибрахим Юмаклы, Ауыл және орман шаруашылығы министрі:

- 2023 жылы екіжақты сауда-саттық көлемі жаңа рекорд орнатып, 6,5 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткішті екі елдің де жеткілікті деп санамайтынын және оны 10 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отырғанымызды атап өткім келеді. 2023 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы өзара алыс-беріс шамамен 300 миллион долларға жетті.  Әлеуетімізден әлдеқайда төмен болған бұл көрсеткішті де арттыру үшін барынша күш салуға дайын екенімізді ерекше атап өткім келеді.

Осы уақытқа дейін Қазақстан Түркияға тек өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттап келді. Жуырда мал мен құс өнімдерін әкелуге қатысты шектеу алынып тасталды. 2005 жылдан бері құс тұмауы бойынша, 2016 және 2022 жылдардан бері аусыл және нодулярлық дерматит бойынша шектеу қолданылып келген еді. Сала мамандары бұл шешім екі ел арасындағы ет саудасына оң әсер етеді деген пікірде. Осы орайда Анкарада өткен министрлердің басқосуында тараптар Түркияға 80 миллион долларға ет жеткізу туралы келісімге қол қойды.

Айдарбек Сапаров, Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бүгін бұл шектеу алынып тасталды. Екі жақ келісімге келдік. Бүгін менімен келген шаруашылық басшылары мал шаруашылығы өнімін осы жаққа экспорттауға біраз құжаттарға қол қойылды. Компания өздері тіл табысып, жұмысты бастай кетті. Енді біздің міндетіміз, екі министрлік соларға қолдау көрсету керек.

Сапар аясында құны 2 млрд доллар болатын келісімдерге қол қойылды. Ол бойынша еліміде көкөніс қоймаларын, ауыл шаруашылығына арналған сервистік кәсіпорындарды, агроөнімдерді қайта өңдеу зауыттарын салу қарастырылған. Сондай-ақ отандық ет өнімдерін түрік нарығына шығару жағы да бар.