Отандық өндірушілердің жасаған келісімдер көлемі рекордтық межеге жетті
Жыл басынан бері отандық тауар өндірушілер мен ірі тапсырыс беруші компаниялар арасында жалпы сомасы 635 миллиард теңге болатын 382 келісімге қол қойылды.
Осылайша, шарттар көлемі рекордтық межеге жетті. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, көбіне трансформаторлар, редуктор, арматуралар, шахталық жабдықтар мен сорғы агрегаттары сатып алынады.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- ERG, KAZ Minerals, Қазцинк, Қазақмыс, Алтыналмас сияқты тау кен металлургия кешенінің ірі компаниялары белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, бұл кәсіпорындар отандық өндірушілермен 122 млрд теңгеге 139 ұзақмерзімді келісімшарт пен оффтейк-контрактілер жасасты. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 4,2 есе, ал ақшалай мәнде 3,1 есе көп.
Бұдан бөлек, Үкімет отырысында, мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін әрбір құрылыс жұмысында, енді отандық өнім қолданылуы тиіс. Ол үшін арнайы бақылау да енгізіліп отыр. Ал отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарының 4 мыңнан астам тауарына мемлекеттік сатып алу ісіне басымдық беріледі.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Отандық тауарларды пайдалануға бақылау енгізілді. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларында отандық тауарларға басымдық беріледі. Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия, металлургия салаларындағы және қағаз, жиһаз, құрылыс материалдарының 4201 тауарларына мемлекеттік сатып алуда басымдық беріліп отыр. Бүгінгі күнге аталған тауарлар бойынша отандық өндірушілерімен жасалған келісімшарттар саны 1,4 есеге өсіп, 106 млрд теңгені құрады.