Отандық өндірушілерді қолдау үшін бірқатар шара қабылданды

Елімізде отандық тауар өндірушілерді  қолдаудың жаңа шаралары қабылданды.

Осылайша мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін тауарлар тізімі кеңейтіліп отыр. Сондай-ақ құрылыс саласында тек Қазақстанда жасалған өнімді пайдалану жолға қойылды.

Жыл басынан отандық тауар өндірушілер мен ірі тапсырыс беруші компаниялар арасында жалпы сомасы 635 миллиард теңге болатын 382 келісімге қол қойылды. Осылайша шарттар көлемі рекордтық межеге жетіп отыр. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, көбіне трансформаторлар, редуктор, арматура, шахталық жабдықтар мен сорғы агрегаттары сатып алынады. 

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- ERG, ҚазМинералс, Қазцинк, Қазақмыс, Алтыналмас сияқты тау кен металлургия кешенінің ірі компаниялары белсенді жұмыс жүргізуде. Мәселен бұл кәсіпорындар отандық өндірушілермен 122 млрд теңгеге 139 ұзақ мерзімді келісім шарт пен оффтейк-контрактілер жасасты. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 4,2 есе, ал ақшалай мәнде 3,1 есе көп. 

Енді мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін әрбір құрылысқа жергілікті өнім қолданылуы тиіс.  Отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарының 4 мыңнан астам тауарына басымдық берілді. Тапсырманың орындалуы жіті бақылауда болады. 

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Отандық тауарларды пайдалануға бақылау енгізілді. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларында отандық тауарларға басымдық беріледі. Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия, металлургия салаларындағы және қағаз, жихаз, құрылыс материалдарының 4201 тауарларына мемлекеттік сатып алуда басымдық берілуде. Бүгінгі күнге, аталған тауарлар бойынша отандық өндірушілерімен жасалған келісім-шарттар саны 1,4 есеге өсіп, 106 млрд теңгені құрады. 

Қолдау шарасы мұнымен бітпейді. Енді елдегі алпауыт мұнай-газ компаниялары қажетті өнімдерді отандық өндірушілерден алуы тиіс. Нәтижесінде биыл үш мекеменің, атап айтқанда Қашаған, ТеңізШевройл және Қарашығанақтың отандық үлесі 7 пайызға ұлғая түседі.  

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:

- Енді отандық тауарлардың орнына шетелдік тауар сатып алу қорытындыларын мемлекеттік аудит органдары жояды. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді басымдықпен отандық тауар өндірушілер тізіліміндегі өнім берушілерден сатып алу. Отандық тауар өндірушіге 30 пайыз мөлшерінде міндетті аванс төленеді. Бұл біздің өнім берушілерге шарттық міндеттемелерді уақтылы және тиісінше орындауға мүмкіндік береді. Отандық тауар өндірушілер үшін тұрақсыздық айыбын 10%-дан 3%-ға дейін төмендету, бұл да елеулі қолдау шарасы болып табылады. 

Бұдан бөлек Үкімет отырысында отандық дәрі-дәрмек өндірушілерін қолдау мәселесі қаралды. Қазір елде 35 қазақстандық компаниямен 4 мыңға жуық фармацевтикалық өнім түрін жеткізуге 94 ұзақ мерзімді шарт жасалған. Елімізді қажетті дәрі түрлерімен қамтамасыз ету үшін, алдағы уақытта, кең таралған ауруларды емдейтін 178 препараттың өндірісін қолға алу жоспарланды. Премьер-министр Олжас Бектенов жауаптыларға фармацевтикалық өнім өндіру көлемін ұлғайтуды тапсырды. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Үкімет экономикалық патриотизм қағидатын қатаң ұстанады. Біз қашан да өзіміздің отандық өндірушілерді қолдайтын боламыз. Бұл әрбір әкім, әрбір министрдің міндеті. Біз бұл жайлы үнемі айтып жүреміз. Ол тек сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде орындалуы тиіс. 

Отандық өндірісті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу да көзделді. Биыл 1,3 триллион теңге болатын 180 жобаны іске асыру жоспарланған. Көдеген меже іске асса, онда 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

Альмира Оразбай, Руслан Алиев