Қазақстандағы АЭС құрылысы: сарапшылар қандай пікірде?
Қазақстан жаһандық ядролық қауымдастықта өзін сенімді және инновациялық ойыншы ретінде көрсете алады.
Елде атом электр станциясын салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл жоба – елдің энергетикалық болашағы үшін маңызды қадам. Біз осы тақырыпта сарапшылардың пікірін тыңдап, жобаның аймақтық және халықаралық маңыздылығын талқыладық. Атом электр станциялары қаншалықты қауіпсіз?
АЭС құрылысы озық технологияларды, халықаралық ынтымақтастық пен инвестицияларды тарту үшін жаңа көкжиектер ашады. Бұл сайып келгенде елдің тұрақты экономикалық дамуына ықпал етеді. Францияның Аssystem компаниясының атом энергиясы саласында бизнесті дамыту жөніндегі сарапшысы Эдгар Сибергер осындай пікірмен бөлісті. Атом энергетикасын дамыту жолында сарапшы шетелдік тәжірибе мен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Эдгар Сибергер, атом энергиясы бойынша халықаралық сарапшы, Assystem компаниясының өкілі:
- Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық орналасуы оған ядролық энергия саласында ерекше мүмкіндіктер береді. Елдің үлкен уран қоры және Кеңес дәуірінен қалған ядролық арсенал Қазақстанға басымдық береді. Меніңше, Қазақстан өз энергетикалық тәуелсіздігін күшейтіп, осы аймақта негізгі ойыншыға айналуы мүмкін. Бұл, әрине, өңірлік энергия тұрақтылығында маңызды орын алады. Осы бағытта Қазақстан өз ядролық стратегиясын ұлттық мүдделермен және геосаяси тұрғыдан үйлестіре білуі керек.
Тағы бір өзекті мәселе – қауіпсіздік. Қазақстанда атом электр станциясын салу жоспарының негізгі аспектілерінің бірі – оның қауіпсіздігі. Халықаралық стандарттарға сәйкес атом электр станциялары жоғары деңгейде қауіпсіздікпен қамтамасыз етіледі. Бұл қадамдардың ішінде заманауи технологияларды қолдану, төтенше жағдайларға дайындық және тұрақты бақылау жүйелері бар. Кәсіби мамандардың болуы да басты назарда.
Акиро Токухиро, Онтарио технологиялық университетінің профессоры:
- Әрине, тәуекелдер бар. Бұл – өте күрделі инженерлік жүйе. Бірақ Қазақстанда әлеуетті жұмыс күші мен кәсіби мамандар бар. Оған қоса қазіргі атом электр станциялары 70 жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. Олармен жұмыс істеу үшін жоғары білікті мамандар қажет. Қазақстанда мұндай кадрлар бар. Менің ойымша, сіздер 20 миллион халқы бар ел ретінде атом энергетикасы саласында кәсіби білікті қызметкерлері бар 30 елдің қатарына қосыла аласыздар. Атом энергетикасының пайдасы тек электр энергиясын өндіруде ғана емес, сонымен қатар басқа салаларды дамытуда.
«Әлемнің 195 елінің тек 40-да атом энергетикасы бар. Басқа қуат көздерімен салыстырғанда атом электр станцияларының қоршаған ортаға әсері шамалы. Одан алынған жылуды басқа салаларда да қолдануға мүмкіндік болады. Бұл – атом энергетикасының басты артықшылығы», – дейді сарапшы. Қазақстанның атом энергиясын дамыту жоспары елдің болашақтағы энергетикалық саясатын анықтайтын маңызды кезең болмақ.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жұлдыз Атагелдиева.