О. Бектенов: Мұнай-газ саласы халық игілігіне қызмет етуі тиіс

«Елдегі мұнай-газ компаниялары жергілікті кадрларға басымдық беруі тиіс. Ал олардан түскен табыс Қазақстан халқының игілігіне бағытталуы керек». Мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Үкімет басшысы Олжас Бектенов осылай деді.

Жиында мұнай өндіру мен өңдеудің келешегі, сондай-ақ геологиялық барлау саласындағы жаңа жобаларды іске асыру жоспарлары талқыланды. Өткен жылы елімізде 90 млн тонна мұнай өндірілді, ал расталған қор 2,9 млрд тоннаға бағаланып отыр. Қазіргі таңда мұнай өнімдерін шығаратын ірі жобалар іске асып жатыр. Оның ішінде Атырау облысында жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін мұнай-химия зауыты, сонымен қатар 3 газ өңдеу зауыты бар.

Бүгінде Үкімет инвестиция тартуға жағдай жасай отырып, геологиялық барлау жұмыстарын қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты компанияларға тереңдеу жатқан жерлерді зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізу ұсынылды. Сондай-ақ Премьер-министр экология мәселелеріне де назар аударды. «Ол үшін инновациялық әзірлемелер мен жаңа технологиялық шешімдерге белсенді түрде инвестиция салу қажет», – деді.