Қазақстан Таиландқа ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға мүдделі
Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 367 млн долларға жетті.
Бұл туралы Олжас Бектенов пен Таиланд премьер-министрінің орынбасарының кездесуі кезінде айтылды. Тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және қазақстандық өнім экспортын ұлғайтуға қатысты екіжақты қарым-қатынастың негізгі мәселелерін талқылады. Еліміз Таиландқа ет, көкөніс пен жеміс, дәнді дақылдар, ұн өнімдерін, өсімдік майларын және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға мүдделі. Бұл ретте «Қос ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің келешегі зор әрі бұл екі жаққа да тиімді», – деді Олжас Бектенов. Сонымен қатар кездесу барысында Таиланд үкіметінің Қазақстан азаматтарына визасыз режим ұсынуымен қатар туризм саласындағы қатынастардың оң даму динамикасы атап өтілді.