Түркиялық инвесторлар ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыт салуға кірісті
Түркияның ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруші ірі компаниялары да Қазақстанда зауыт салуға ниетті, деп хабарлайды 24kz.
Анкара және Конья қалаларында Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі делегациясымен кездескен түркиялық кәсіпкерлер осылай деді. Әсіресе, егістік алқаптарын суару техникаларын шығаратын компаниялар Қазақстан нарығына кіруге мүдделі. Елімізде суды тиімді пайдалану жағы дұрыс жолға қойылмаған. «Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен қолдану арқылы мол өнім алуға болады», - дейді мамандар. Бүгінде түркиялық инвесторлардың қатысуымен Қызылорда және Атырау облыстарында егістік суару құрылғыларын шығаратын зауыт салу жұмыстары басталып кетті.
Зубейр Акын, түркиялық кәсіпкер:
- Қазақстанда компаниямызды ашып, зауыт салу жұмыстарына кірістік. Біз тек зауыт салып қана қоймай, тамшылатып суару технологиясын жергілікті шаруаларға үйрету мәселесін де қолға аламыз. Себебі Қазақстанда суды тиімді пайдалану мәселесі өзекті. Бұл тұрғыда бізге Ауыл шаруашылығы министрлігі де жергілікті әкімдік те жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.
Абдулғани Ашраф, түркиялық кәсіпкер:
- Қазақстанға 2019 жылдан бері егістік алқаптарын суару техникасын сатып келеміз. Енді Атырауда бір зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы зауытымызды ашып, өндірісті сол жақта жасамақпыз. Қазақстан мемлекеті тарапынан жергілікті өндірушілерге жеңілдіктер көп. Осыны пайдаланып, зауытымызды сол жақта ашып, көршілес елдерге де техникамызды сатамыз деген ойдамыз.