Қарағанды облысында алғаш рет түйе өсіру қолға алынды

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Қызылжар ауылының тұрғыны өңірде сирек кездесетін түйе шаруашылығын қолға алған.

Яғни бүгінде Қазыбек Абатов ойсыл қара тұқымын түлетіп отырған тұңғыш фермер. Әзірге еті мен сүтін саудаға шығарған. Соңғы жылдары мемлекеттік қолдау арқасында ауыл шаруашылығында осындай жаңа жобалар жүзеге асып жатқаны қуантады, дейді мамандар.

Оқуын бітірген соң Қазыбек мамандық бойынша жұмысқа бармаған. Ауылға аңсарым ауып тұрды, дейді ол. Жеңілдетілген несие алып, ол қаражатқа Қызылорда облысынан 57 түйе сатып әкеліпті. Биыл бірқатары бота ертіпті. Қазір 10-ға жуық інген түйесі бар. 

Қазыбек Абатов, шаруа қожалығының басшысы:

- Негізі мақсат бізде сүтін сауып, шұбат өндіру. Осы жылға енді қазір 8 бас сауын түйем бар. Болашақта енді санын көбейтемін сауын түйенің. Екі өркешті інген түйелер де бар. Ет бағытында да сатамын. 

Түйе сүті құнарлы, дәруменге толы, емдік қасиетке ие. Шұбатқа тапсырыс берушілер өте көп. Қазыбектің анасы Шәкибал Төребекова шұбат, құрт, ірімшік, қаймағын дайындап сатады.

Шәкибал Төребекова, Қызылжар ауылының тұрғыны:

- Көп алушылар, заказ беретіндер. Кейде жеткізе алмай қаламыз шұбатты. Күніне енді 5 литр өте аз болғанда сүті, ал үш мезгіл сауған кезде 10 литрге дейін аламыз. Бір түйе басынан.

Жаңадан құрылған шаруашылыққа жан-жақты қолдау көрсету мәселесі қарастырылған. Тек түйе сүтіне субсидия әзірге бере алмаймыз,-дейді аудан басшылары. 

Арман Дардақов, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

- Субсидия алу үшін 200-300 бастай аналығы болу керек. Содан соң сүтіне, басқа да ұйымдастырып жатқан жұмыстарына субсидия береді. Ол шаруашылықта жетпейді өзі барлығы 90 бас қой. Оның ішінде аналығы 30-40 бастай ғана. Жер бойынша, басқа да көмектер, мысалы, анау базаларын ремонттауға мемлекеттен көмек бар. Соларды қарастырып жатырмыз.  

Жалпы Бұқар жырау ауданында ауылшаруашылық саласы қарқынды дамып келеді. Қазір бұл төңіректе 800 астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. 5 ірі құс фермасы, мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр. 

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков