Астықты аймақтар орақ науқанын бастады

Астықты өңірлерде орақ науқаны басталды. Биыл елде 23 млн гектардан астам жерге дән себілді, деп хабарлайды 24KZ.

Қазіргі уақытта пісіп-жетілуіне қарай 1 млн гектар алқаптан дән орылып, 2 млн тоннаға жуық астық бастырылды. Жиналған өнімді сақтайтын орын да ертеден қамдалды. Республикада астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаға жетеді. Бұл болжанып отырған егін көлемін сақтауға жеткілікті. Қазір элеваторларды былтырғы астық қалдықтарынан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Орақ науқанына 149 мыңнан астам трактор мен 38 мың комбайн шығады. Диқандарға егін жинап алу үшін 64 мың тоннадан астам дизель отыны жеңілдікпен беріледі. Өндірілген өнімді экспортқа шығару тетіктерін билік ерекше назарға алып отыр. Мұның ішінде Қытай, Таяу Шығыс, Африка және басқа да елдердегі серіктестермен жұмысты жандандырған.