Ақмола облысы егінге орақ салды
Ақмола облысының диқандары егін орағына кірісіп те кетті, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл аймақта 5 млн 400 мың гектар жерге дән себілген. Оның басым бөлігі бидай алқаптарының үлесінде. Орақ науқанына 9 мыңға жуық техника шықты. Жанар-жағармай қоры жеткілікті. Жергілікті шаруаларға биыл үкіметтен арзандатылған бағада 83 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазір ол шаруаларға жеткізіліп жатыр. «Бәрі ойдағыдай болса, аймақ диқандары бас-аяғы 5 млн тоннадан астам астық жинаудан үмітті», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов.
Кенеш Әлімжанов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Биыл егіннің сапасы жақсы. Тек былтырғыдай ауа райы кедергі келтірмесе болғаны. Өткен жылы небәрі 3,5 млн тонна астық жинадық. Бұл – төмен көрсеткіш. Осы жылы бәрі жақсы болса, 5 миллионнан астам астықты қамбаға құямыз деп жоспарлап отырмыз.