Оңтүстікте астықтың 95%-ы жиналды
Түркістан облысында бидайдың 95%-ы орылды, деп хабарлайды 24KZ.
Арпа толық жиналып, астық қамбаға құйылды. Мамандар: «Күн қолайлы болса, алдағы 5 күнде егін орағын толық аяқтаймыз», – деп отыр. Биыл өңір диқандары 282 мың гектар алқапқа дән екті. Оның 227 мың гектары – бидай, қалғаны – арпа. Егін бітік шығып, диқандар егіс алқабының әр гектарынан орта есеппен 25 центнерден өнім алды. Қазір барлық күш Түлкібас, Бәйдібек, Төле би аудандарына жұмылдырылған. «Таулы жер болғандықтан, мұнда егін басқа аудандарға қарағанда кеш піседі», – дейді мамандар.
Сейітжан Әзбергенов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Бүгінгі күнгі есебіміз бойынша 282 мың масақты дәнді дақылдан 667 мың тонна өнім жиналды. Өткен жылмен салыстырғанда артық өнім жиналып отыр. Жалпы 282 мың гектардан 706 мың тонна болжамдық өнім жинаймыз деп жоспарлап отырмыз.